Сенат комитетінде заң жобасы талқыланды
17:28, 03 Маусым 2009
АСТАНА. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат. Бүгін Сенаттың Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балалардың қадағалаусыз қалуының профилактикасы және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Заң жобасы балалардың қадағалаусыз қалуының профилактикасы және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған құқықтық шаралар кешенін қарастырады. Заң жобасындағы ережелер кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде жалғыз өзі болуына шектеу қояды және оған жол бергендерге жауапкершілік белгілейді, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылық жасауға тартқан адамдармен жекедара профилактикалық жұмыс жүргізу қарастырылады.Заң жобасымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, «Неке және отбасы», «Қазақстан Республикасындағы балалардың құқықтары туралы», «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы және балалардың қадағалаусыз қалуының алдын алу туралы» заңдарға өзгерістер енгізу көзделіп отыр.Сенат комитетінде талқылау барысында Мәжілісте мақұлданған заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі айтылды.
Заң жобасы палатаның қарауына жіберілетін болды.