Сенат комитетінің отырысында Ертіс өзеніндегі су жетіспеушілігі мәселесі қаралды

АСТАНА. 2 маусым. ҚазАқпарат - Кеше Парламент Сенатының Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитетінің отырысында Ертіс өзеніндегі су жетіспеушілігі мәселесі қаралды.

Депутаттар отырысқа шақырылған ауыл шаруашылығы министрiнің орынбасары М.Толыбаев, қоршаған ортаны қорғау министрiнің орынбасары М.Мұхамбетов, көлiк және коммуникация министрiнің орынбасары Қ. Әбсаттаров,  индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Б.Жақсалиевтың және жауапты министрліктер мен ведомоство басшыларының Шығыс Қазақстан облысы су қоймаларынан су босату аралығындағы суды пайдалану және оның қорлары туралы түсініктемелері мен ұсыныстарын тыңдады.

 Бұл мәселенің комитет отырысында қаралуына Павлодар облысы әкімінің  орынбасары Н.Әшімбетовтың табиғат қорғаудағы су босатудың әлеуметтік, экономикалық және экологиялық маңыздылығын ескере отырып, Экология және Су кодекстері, сонымен қатар Жоғары Ертіс су қоймалары, су құламаларының ресурстарын пайдалану Ережелері талаптарында оның көлемі санитарлыққа дейін артуды қарастыру туралы депутатқа хаты негіз болғанын айтты.

Мәселені талқылау барысында депутаттар Ертіс өзеніндегі су жетіспеушілігі осы елді мекендегі ауыл шаруашылығы саласының даму қарқынының бұзылуына, елдің әлеуметтік өміріне кері әсер ету қаупі барын және өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесіне үлкен залал келтіретінін ескертіп,  жауапты сала басшылары тарапының мәселені шешуге мүмкіндік беретін нақты ұсыныстары жоқтығын сынға алды.

Жиынды қорытындылаған комитет төрағасы Т.Абайділдин Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетіне екі апта ішінде барлық жауапты министрліктер мен салалар басшыларымен бірлесе отырып, мәселені жан-жақты зерделеуді, орын алып отырған кемшіліктерді жою бағытындағы нақты ұсыныстарын беруді міндеттеді.

Сондай-ақ Т.Абайділдин биылғы жылдың қыркүйек айында Парламент Сенатының Экономикалық даму және кәсіпкерлік, Табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеттері Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында арнайы көшпелі отырысын өткізу жоспарланып отырғанын, онда Ертіс өзенінің су жетіспеушілігі мен Шүлбі су қоймасына қатысты мәселелер талқыланатыны туралы хабардар етті.