Сенат Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум тағайындау туралы мәселені талқылайтын болады

АСТАНА. 5 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ертең, 6 қаңтар күні ҚР Парламенті Сенатының жаңа 2011 жылғы алғашқы жалпы отырысы өтеді. Бұл туралы ҚазАқпарат Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Күн тәртібіне сәйкес, палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс енгізу мәселесі бойынша ҚР Президентінің республикалық референдум тағайындау туралы» депутаттарының ұсынысын талқылайды. Бұдан бөлек, Сенат Мәжіліс мақұлдаған бірқатар заң жобаларын да талқыға салады. Атап айтқанда, «2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден одағының санитариялық шаралар жөніндегі келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы», сонпай-ақ «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Салықтық әкімшілендіруді реформалау жөніндегі жоба) ратификациялау туралы» заң жобалары палатаның қарауына шығарылады.