11:59, 19 Наурыз 2009
Сенат Конституцияның нормаларына сәйкес келтіруге бағытталған заң жобасын Мәжіліске қайтарды
АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша
өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады. Құжатқа бірқатар өзгерістер енгізілгендіктен заң жобасы Мәжіліске қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасы бойынша бірқатар заңнамалық актілерге олардың ережелерін Конституция нормаларына сәйкес келтіру мақсатында түзетулер енгізу көзделеді. Атап айтқанда, заң жобасы «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы», «Кәсіптік одақтар туралы», «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы», «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы», «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы», «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы», «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы», «Нотариат туралы», «Адвокаттық қызмет туралы», «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы», «Әділет органдары туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
Жобаны талқылау барысында сенаторлар Мәжіліс мақұлдаған құжатқа бірқатар өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, Азаматтық кодекстің 3-бабының 1 және 8 тармақтары Конституцияның 4-бабының 3-тармағына сәйкес келтірілді. Еңбек кодексінің 8-ші бабына тек соттың үкімі бойынша не төтенше немесе соғыс жағдайында ғана жол берілетін еріксіз еңбекке қатысты түзетулер енгізілді. Сонымен бірге, бірқатар заңнамалық актілерді Конституцияның жаңа редакциясымен ұштастыруға бағытталған өзгерістер, жобаның мемлекеттік тілдегі мәтініне қатысты түзетулер қамтылды.