Сенат «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңды мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM — Сенат «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңды және оған ілеспе 2 құжатты екі оқылымда қарап, мақұлдады.
- Жаңа Заң қоғамымызда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтырып, онда белгіленген құқық бұзушылық профилактасына бағытталған жүйелі іс-шараларды жүзеге асыруға, құқықтық мәдениет деңгейін арттыруға және заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыруға мүмкіндік береді деп санаймын. Қаралып отырған Заң құқық бұзушылықтардың профилактикасы саласында адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғауға, олардың сақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау, зерделеу және жою жолымен құқықтық тәртіпті сақтау мен нығайтуға бағытталған, - деді сенатор Марат Қожаев.
Заңның міндеттері:
- адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін құқыққа қайшы қол сұғушылықтардан қорғауды қамтамасыз ету;
- құқық бұзушылық деңгейін төмендету;
- құқықтық мәдениет деңгейін арттыру және заңға мойынсынатын мінез-құлықты қалыптастыру;
- жәбірленушілер мен құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды әлеуметтік оңалту және бейімдеу бойынша мақсатты жұмыс жүргізуді қамтамасыз ету;
- қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және құқық бұзушылық профилактикасына азаматтардың белсенді қатысуын арттыру;
- құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметін үйлестіру және басқалары.
Біртекті бес заңның («Құқық бұзушылық профилактикасы туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы», «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы», «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкiмшiлiк қадағалау туралы», «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы») құқықтық нормалары бірыңғай бір заңға біріктірілді.
Заңмен құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің тізбесі мен құзыреті едәуір кеңейтіледі және оларды үйлестіру мен өзара іс-қимыл жасауының жаңа тетіктері әзірленді. Атап айтқанда, оларды үйлестіру Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жанынан құрылатын құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия арқылы жүзеге асырылатын болады. Заңға сәйкес комиссиялардың құқықтық мәртебесі заңға тәуелді акті деңгейінде айқындалады.
Заңда алғаш рет Қазақстан Республикасындағы қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйі (құқық бұзушылық профилактикасы) туралы ұлттық баяндаманы қалыптастыру көзделеді. Ол Қазақстан Республикасының аумағындағы қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйі және оны жақсарту бойынша қабылданатын шаралар туралы халықты жыл сайын хабардар ету мақсатында жасалады.
Құжатта «Заң мен Тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету мақсатында жалпы, жеке және арнаулы профилактика шараларынан тұратын профилактика жүйесі қайта қаралды.
Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі жалпы шаралар құқық бұзушылық жасаудың әлеуметтік-экономикалық себептері мен шарттарын жою арқылы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға бағытталған.
Заңның маңызды жаңашылдығының бірі - құқық қорғау органдарына ерікті түрде көмек көрсету арқылы азаматтарды құқық бұзушылық профилактикасына тарту. Заңмен қоғамдық көмекшілердің құқықтық насихатты ұйымдастыруға, консультативтік-кеңесші органдардың жұмысына, профилактика субъектілеріне жәрдем көрсетуге (құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды, олардың шоғырлану орындарын анықтау, қоғамдық орындарда, мәдени-бұқаралық және ойын-сауық іс-шараларын өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз ету және т. б.) қатысу саласы кеңейтілді. Бұл ретте Заңда құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын адамдарды көтермелеу шаралары көзделген. Көтермелеудің тәртібін, түрлері мен мерзімін жергілікті атқарушы органдар айқындайтын болады.
Заңмен мемлекеттік органдардың уәкілетті тұлғаларына, сондай-ақ мемлекеттік ұйымдардың уәкілетті тұлғаларына профилактикалық әңгімелесуді, ресми алдын ала ескертуді, жақындауға тыйым салуды, әкімшілік жазалауды, өмірдегі қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) есепке алуды, профилактикалық есепке алу мен бақылауды, қорғау нұсқамасын және басқа да шараларды қамтитын құқық бұзушылықтардың жеке профилактикасы жөніндегі шараларды қолдану құқығы беріледі.
Құқық бұзушылық жасауға бейім, оларға қатысты жеке профилактика қолданылатын адамдардың тізбесі кеңейтілді (әкімшілік қадағалау, құқық бұзушы мен қылмыскердің мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу). Бұл ретте профилактикалық есептен шығарудың негізгі өлшемшарты соттылық мерзімінің аяқталуы емес, есепке алынған адамның толық әлеуметтік оңалуы (құқық бұзушылық жасау ықтималдығы қауіп-қатерлерін бағалау негізінде) болады.
Заңда профилактикалық бақылаудың кезеңділігі, қабылданатын профилактика шаралары, шектеу түрлері, сондай-ақ профилактикалық есепке алу мен бақылауды ұзарту құқық бұзушылық жасау қауіп-қатерінің дәрежесіне қарай айқындалатын болады.
Бұдан басқа, Заңмен уәкілетті органдарға құқық бұзушылықтың жекелеген түрлерінің профилактикасына, осы құқық бұзушылық түрлерінің жасалу себептері мен шарттарын жоюға бағытталған құқық бұзушылықтың профилактикасы жөніндегі арнайы шараларды қолдану құқығы беріледі.
Құқық бұзушылықтың виктимологиялық профилактикасы (нақты адамның немесе адамдар тобының құқық бұзушылықтан жәбір көру қауіп-қатерін азайтуға бағытталған профилактикалық шаралар) енгізіледі.
Заңда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, қайталанатын қылмыстың, масаң күйде жасалатын құқық бұзушылықтың, қоғамдық орындарда жасалатын құқық бұзушылықтың, экономикалық құқық бұзушылықтың, сондай-ақ балалардың қадағалаусыз қалуының, панасыз қалуының және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасының ерекшеліктері көзделеді.