Сенат құқық қорғау қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз ету құжатын Мәжіліске қайтарды

Фото: Ағыбай Аяпбергенов /Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында құқық қорғау қызметін жетілдіру, құқық қорғау мен азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметі саласында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбауға қатысты заңы қаралды.

Сенат құжаттың жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды.

Заңның мақсаты - мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыру, заң мен тәртіп қағидасын ілгерлету, ішкі істер органдарының қызметіндегі артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік, азаматтық қорғау органдары қызметкерлері мен әскери қызметшілерді, тұрғын үймен қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғаудың тетігін жетілдіру үшін қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар жасау.

Заңға сәйкес, түзетулер 23 заңнамалық актіге енгізіледі, оларды төрт блокка топтастыруға болады.

- Біріншіден, Ішкі істер министрлігінің жұмысын оңтайландыру бойынша: «Жергілікті полиция қызметі» институтының орнына профилактика мен қоғамдық қауіпсіздік басқармалары құрылады. Бұл өзгерістер, жаңа сын-қатерлерге жедел тосқауыл қоюға, заң мен тәртіп қағидасын тиімді іске асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ішкі істер органдарына қосымша өкілеттілік беру арқылы, қос азаматтықты азайтуға және азаматтықтан шығушылар үшін ыңғайлы тетіктер жасалады.

«Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Заңға енгізілген өзгерістер негізінде, Дактилоскопиялық және геномдық тіркеудің еріктілік қағидасы және тұлғаны верификациялаудың заңнамалық анықтамасы енгізіледі. Геномдық және дактотіркеу ақпараттар базасын қорғау механизмдері мен дактотіркеуден босатылатын тұлғалар тізімі анықталады, - деді сенатор Наурызбай Байқадамов.

Екіншіден, құқық қорғау органдарының әлеуметтік жағдайын жақсарту нормалары ескерілген. Күш құрылымдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерді, олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қолдау шаралары күшейтіледі. Ендігі жерде, Тұрғын үй төлемдерін алушылардың қатарына азаматтық қорғау органдарының, қаржы мониторингі агенттігінің және прокуратураның қызметкерлері қосылады.

Мұнымен қоса осы заң аясында бет-әлпетті тануға кедергі келтіруге тыйым салу нормалары енгізілді.

- «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» Заңға қызметтік немесе еңбек міндеттерін атқару, медициналық мақсаттарда, ауа райы жағдайларын қоспағанда, бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге тыйым салу туралы норма енгізілді. Бұл шара бет-әлпетті танудың мүмкіндіктерін жетілдіру арқылы, қоғамдық орындарда жасалатын құқық бұзушылықтардың, қылмыстардың алдын алудың тиімділігін арттырады, - деді депутат.

Заңды Парламент Сенатында қарау барысында сенаторлар тиісті түзетулер енгізді. Осы орайда бұл түзетулер құжатты Мәжіліске қайтаруға негіз болды.

Заңды қарау барысында туындаған және оны жетілдіруді көздейтін мына өзгертулер ескерілген:

- Заңның 1-бабы 3-тармағы 10) тармақшасының жиырма үшінші абзацында («Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 101-4-бабы 1-тармағының үшінші бөлігі) құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне және әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу кезінде ҚР Үкіметінің тұрғынжайдың шекті ауданын айқындау жөніндегі құзыретін бекіту бөлігінде өзгеріс енгізу ұсынылды.

- Сонымен қатар, осы өзгерістерге сәйкестендіруге байланысты, бірнеше редакциялық сипаттағы түзетулер («Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 101-4-бабы 1-тармағының үшінші бөлігі) көзделеді, - деді Наурызбай Байқадамов.

Еске салсақ, қоғамдық орында бет-жүзін тануға кедергі келтіретін заттарды қолдануға тыйым салынатынын жазған едік.

Осы заңды Парламент Мәжілісінде талқылау кезінде «Жергілікті полиция қызметі» деген ұғым жойылатыны мәлім болды.