Сенат құрамы қаншалықты жаңарды

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенатының жаңа құрамына 3 әйел кірді. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Костантин Петров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сайланған 20 депутаттың үшеуі – әйел, 17-сі ер адам. Орташа жасы – 53,8 жас. Сайланған барлық 20 депутаттың да ұлты қазақ», - деді Константин Петров бүгін Орталық салау комиссиясының отырысында.

Сонымеен қатар ол жаңа сайланған депутаттар бұған дейін қандай қызметте істегендіктерін де атап өтті.

«Сайланған депутаттардың ішінде Сенаттың қазіргі 4 депутаты, облыстық мәслихаттардың 5 хатшысы, облыс әкімдерінің 4 орынбасары, 2 ауданның әкімі, орталық мемлекеттік органдардң 2 қызметкері, 1 оқу орнының басшысы, бір облыстық басқарманың басшысы және акционерлік қоғамның 1 өкілі бар. 20 мандатпен Сенат құрамының жаңаруы 80 пайызды құрайды», - деді ОСК төрағасының орынбасары.

Бұған дейін ҚР Орталық сайлау комиссиясы 14 қаңтарда өткен ҚР Парламенті Сенаты депутаттары сайлауының түпкілікті қорытындысын шығарғаны хабарлаған едік.