Еске сала кетейік, кодекс жобасы қылмыстарды тергеу процесін оңайлату мен жеделдетуге бағытталады. Бұл ретте қылмыстық процеске тартылған тұлғалардың конституциялық құқықтарын қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етуге, сот төрелігін іске асырудың тиімділігін арттыру мақсатында қылмыстық сот ісін жүргізуді жетілдіру көзделеді. Атап айтқанда, қылмыстық қудалауды бастау рәсімін оңайлату мақсатында қылмыстық іс қозғау және тергеуге дейінгі тексеріс жүргізу сатысы алынып тасталады. Тергеу және анықтау органдары азаматтардың конституциялық құқықтарын қозғайтын процестік әрекеттерді дербес қабылдау жөніндегі өкілеттіктері тарылады. Керісінше, қорғаушының сотқа дейінгі іс жүргізуден бастап қатысуының құқықтық негіздері кеңейтіледі.
Бұдан бөлек, кодекс жобасымен қылмыстық процеске тергеу судьясы мен процесс прокуроры секілді фигуралар енгізіледі. Бұл ретте адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын барлық тергеу әрекеттері тергеу судьясы мен процесс прокурорының санкциясымен ғана жүргізілетін болады. Сонымен қатар, қылмыстық процеске келісім институты енгізілетін болады. Ол кінәні мойындау туралы мәмілені, ынтымақтастық туралы келісімді жүргізеді. Айта кетерлігі, мәміле нысаны онша ауыр емес, ауырлығы орташа не ауыр қылмыстар бойынша күдікті немесе айыпталушы келтірілген айыптаулармен келіскен жағдайда жүзеге асса, ынтымақтастық келісімі барлық санаттағы қылмыстар бойынша қылмыстарды ашуға және тергеуге көмектескен кезінде жүргізіледі. Бұдан бөлек, кодекс жобасымен тергеу әрекеттерін, оның ішінде адамды немесе орынды жасырын аудио-бейне бақылау, пошта жөнелтілімдерін жасырын бақылау жүргізу тәртібі айқындалады.
Сенат енгізген түзетулерге келсек, оның басым бөлігі редакциялық нақтылау сипатында. Мысалы, онда Мемлекет басшысының Президенттің күзет қызметі мен республикалық ұланды біріктіру жолымен ҚР Мемлекеттік күзет қызметі етіп қайта ұйымдастыру туралы Жарлығына сәйкес келтіру мақсатында бірқатар түзетулер енгізілген. Бұдан басқа, сенаторлар кәмелетке толмағандардың қатысуымен істерді тек арнайы мамандандырылған сотта ғана емес, олардың тұрғылықты жеріндегі сотта қарау құқығын іске асыруға бағытталған толықтырулар енгізілді. «Өйткені іс жүзінде соттың кәмелеттік толмағандардың тұрғылықты жерінен шалғайда болуына байланысты бірқатар жағдайларда адамдардың сот отырысына келуін қамтамасыз ету қиындықтар тудырады», - делінген комитеттің қорытындысында.