Сенат Марокко аумағында жасырынған күдіктілерді құрықтау тәртібін мақұлдады

Фото: Сенат

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.

- Құжат тараптардың сұрау салуы негізінде қылмыстық қудалау жүргізу немесе соттың үкімін орындау мақсатында іздестіріліп жатқан кез келген адамды ұстап беру тәртібін айқындайды. Келісім қылмыс жасаған адамдар үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған, - деді сенатор Мұрат Қадырбек.

Оның айтуынша, тараптардың өз азаматтарын ұстап беруге жол берілмейді.

- Келісімді іске асыру жазбаша түрде сұрау салу негізінде атқарылады. Сұрауға қатысты қабылданған шешім туралы ақпаратты сұратылған тараптың орталық органы сұратушы тараптың уәкілетті органына дереу хабарлайды. Аталған құжат аясында өзара іс-қимыл жасайтын орталық органдар ретінде Қазақстан Республикасынан – Бас прокуратура, ал Марокко Корольдігінен Әділет министрлігі айқындалады. Сонымен қатар, құжаттың орындалуына байланысты шығыстарды өтеу тәртібі, дауларды шешу рәсімдері және өзге де құқықтық нормалар көзделген, - деді депутат.

Заңның қабылдануы Қазақстан мен Марокко аумағында сот төрелігінен жасырынған адамдарды жауапкершілікке тартуға, Марокко корольдігінде Қазақстан азаматтары құқықтарының қорғау кепілдіктерін күшейтуге, қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы шарттық-құқықтық базаны толықтыруға және қылмыспен күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Қатар арасында жасырынып жүрген адамдарды ұстап беру тәртібі айқындалды.