Сенат машина жасау мен авиацияны дамытуға бағытталған заңды мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM – Сенатта «Машина жасау және көлік мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң мақұлданды.

Фото: senate.parlam.kz

Құжат отандық машина жасау саласының бәсекеге қабілетін арттыруға, арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін күшейтуге, өнеркәсіптік кластерлерді дамытуға және Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей әуе рейсін ашуға қажетті құқықтық негіз қалыптастырмақ.

Аталған заң 2024 жылы Қостанай қаласында машина жасау саласын дамыту мәселелері туралы дөңгелек үстелде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев берген тапсырманы орындау аясында әзірленген.

– Заңның мақсаты – машина жасау саласындағы заңнаманы жетілдіру, авиация саласындағы заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, сондай-ақ көлік саласындағы мемлекеттік органдар қызметін бюрократиядан арылту. Бұл үшін Қазақстан Республикасының 2 кодексі мен 13 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі, – деді Сенат депутаты Шәкәрім Бұқтұғұтов палатаның жалпы отырысында.

Машина жасау саласын дамыту аясында отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттігін арттыруға, арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс тиімділігін күшейтуге, өндірістің технологиялық үдерістерін жетілдіруге және өзге де бағыттарды дамытуға арналған нормалар көзделген.

– Өнеркәсіптік кластерлер институтын енгізу үшін бірқатар түзету қарастырылған. Өнеркәсіптік кластерлер негізінде еліміздің барлық өңірлеріндегі шағын және орта кәсіпорындардың қатысуымен өндірісті кооперациялау қағидаты жатыр. Бұл индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерін жобаларды бірлесіп іске асыруға және салаға ортақ логистика, инфрақұрылым, кадрлық қамтамасыз ету сияқты мәселелерді бірлесе шешуге ынталандыруға мүмкіндік береді, – деді Ш. Бұқтұғұтов.

Сондай-ақ заңда арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған түзетулер бар.

Жаңашылдықтардың бірі ретінде арнайы экономикалық аймақтарға қатысушылар үшін қарсы міндеттемелер енгізу ұсынылады. Атап айтқанда, өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыру кезеңінде қазақстандық тауарларды пайдалану, сондай-ақ өндірілетін өнімде отандық шикізат пен материалдарды қолдану талаптары белгіленеді.

– Түзетулердің келесі блогы көлік құралдарының құрамдас бөліктерін өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдерге қатысты. Бұл норма Қазақстанда өндірілген көлік құралдарының шассилерін міндетті түрде пайдалану арқылы көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасының өндіріс көлемін арттыру мақсатында ұсынылды, – дейді депутат.

Сонымен қатар, заңда өндірістік қуаттардың балансын бағалау тетігі енгізіледі. Бұл ішкі нарықтың сұранысын толық өтеп отырған, жұмыс істеп тұрған өндіріс орындары бар кезде жаңа жобаларға мемлекеттік қолдау көрсетуге жол бермеу мақсатында көзделіп отыр.

– Авиация саласын дамыту аясында түзетулер Қазақстан әуе кемелерінің шет мемлекеттердің әуе кеңістігіндегі ұшуларын реттейді. Сондай-ақ авиакомпанияларға Халықаралық азаматтық авиация ұйымы стандарттарына сәйкес, Қазақстан заңнамасының жекелеген талаптарынан уақытша босату тетігін енгізуді және басқа да шараларды көздейді. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – авиациялық қауіпсіздік деңгейі бойынша халықаралық бағалаудан сәтті өтіп, Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу, – деді Шәкәрім Бұқтұғұтов.

Айта кетейік, отандық авиация мамандары Нью-Йорктің ең ірі әуежайында халықаралық жүк тасымалының қауіпсіздік ережелерін меңгеріп қайтты.