Еске сала кетейік, аталған құжатты Сенат екі оқылымда талқылап, бірқатар түзетулер енгізілгендіктен Мәжіліске қайтарған болатын. Алайда, төменгі палатаның қызметі тоқтатылып, Мәжіліс тарқағандықтан құжатты Сенат қайтадан сұратып алынған.
Айта кетерлігі, Конституцияға сәйкес, Мәжіліс уақытша болмаған кезеңде Парламенттің заң қабылдау қызметін Сенаттың өзі атқара береді. Осыған орай, жалпы отырыста жоғары палата аталған құқықты пайдаланып, заң жобасын талқылаған болатын.
Тұтастай алғанда, аталған заң негізінен спорттық-бұқаралық, мәдени ойын-сауық және басқа да іс-шараларын ұйымдастыруға, өткізуге байланысты құқықтық қатынастарды реттеуге бағытталады. Мәселен, ондай шараларды өткізу үшін жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыру комитеттерін құратын болады. Олар шараларды өткізуге тартылған ұйымдардың қызметін үйлестіреді. Жеке тұлғалардың мәдениет, дене шынықтыру, спорт саласындағы құқықтары мен міндеттері айқындалып, олардың шараларға баруы кезіндегі тыйым салулары мен шектеулері кеңейтіледі. Осыған байланысты жеке тұлғаларға аталған шаралардағы мінез-құлықтың, жүріс-тұрыс қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізіледі.
Бұдан бөлек, бұқаралық шаралар өткізілетін орындарға алкоголь өнімдерін, сонымен бірге, металл және шыны құтыдағы, пиротехникалық және басқа да адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кез келген заттар мен өнімдерді әкелуге тыйым салынады. Сонымен қатар, шаралар өткізілетін уақытта әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни араздықты қоздыруға бағытталған, сол секілді жеке тұлғалардың құқықтарына нұқсан келтіретін плакаттарды, эмблемаларды, транспаранттарды және өзге де көрнекті заттарды пайдалануға тыйым салынады. Бұндай тыйым салуларды бұзғаны үшін жеке тұлғаларға жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, әкімшілік жауаптылыққа тартылады.
Парламент қабылданған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.