Сенат Медиация институтын енгізуді көздейтін заң жобасын Мәжіліске қайтарды

АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Медиация туралы» заң жобасын қарап, оған бірқатар өзгерістер енгізіп Мәжіліске қайтарды. Аталған заң жобасы бойынша жанжалды шешудің балама тәсілі - бітімгершілік - медиация институтын енгізу көзделіп отыр.

Атап айтқанда, еліміздің 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында азаматтық сот ісін жүргізуге қатысушылардың құқықтарын барынша іске асыру, жеке адамның бұзылған құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекет мүддесін уақытылы қорғау және қалпына келтіру мақсатында бірқатар іс-шаралар қамтылған болатын. Оның ішінде, жеке құқықтық дау-шарлар тараптары арасындағы ымыраға қол жеткізудің сот және соттан тыс тәртіппен қолданылатын түрлі жолдары мен әдістерін белгілеуге бағытталуы мүмкін әрекеттер де көрініс тапқан еді. Осыған орай, заң жобасында медиация ұғымын анықтау, оның негізгі қағидаттарын, қолданылу аясын, медиация рәсімінің кепілдігін, медиаторлар қызметіне ақы төлеу және белгілеу мәселелері қарастырылады.

Бұдан бөлек, заң жобасы бойынша дауларды жеке қарсылық аясынан шығарып, мүдделі пікірталас аясына беру көзделеді. Құжат қабылданса, соттарда қаралатын істердің саны да айтарлықтай азаятындығы күтіледі.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына Сенат бірқатар түзетулер енгізді. Олардың басым бөлігі редакциялық нақтылау сипатында болып отыр.