Құжаттарды таныстырған сенатор Андрей Лукин бұл заң ең әуелі Қылмыстық кодексті жетілдіріп, мүдделер қақтығыс дейтін ұғымды нақтылай түсетінін айтты.
- Түзетулер аясында мүдделер қақтығысының алдын алу және оны реттеу тетіктері енгізіліп, өзара байланысты тұлғалардың тізбесі кеңейтіледі, жеке мүдделерді декларациялау міндеті белгіленеді. Сондай-ақ мүдделер қақтығысының алдын алу шараларын қабылдамағаны үшін жауапкершілік көзделеді.
Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде цифрлық кадрлық жүйені енгізу, кадрлық процестерді жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің тәуелсіздігін күшейту, тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тетіктерін жетілдіру жөніндегі шаралар қарастырылады, - деді сенатор.
Оның айтуынша, жаңа заң мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдарға теңестірілген тұлғалар тобын кеңейтетінін айтты.
- Жақын туыстар мен өзге де байланысты тұлғалардың бірлесіп қызмет атқаруына қатысты шектеулер күшейтіледі. Сондай-ақ ішкі сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылау тетіктері жаңғыртылады, - деді Андрей Лукин.
Аталған құжаттарда пара уәде еткендерді де жазалау қарастырылған.
- Бұл жерде пара уәде ету сәті лауазымды тұлғаға ауызша мәлімдеме түрінде де, жазбаша хабарламалар арқылы да, оның ішінде әлеуметтік желі мен интернет хабарламамен жолданған уәделер арқылы да тіркеле алады. Сот практикасы заң бұзу фактісін дәлелдеудің базалық принциптеріне сүйенеді деп топшылап отырмыз, — дейді Мемлекеттік қызмет істер жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Салауат Сыйлыбайұлы.
Сондай-ақ, бұл жаңашылдықтар мемлекеттік қызметкерлердің туыстарын қызметке алуына байланысты шектеулерді күшейтеді.