Сенат мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс мәселелеріне арналған жобаны Мәжіліске қайтарды

None
АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына бірқатар өзгерістер енгізіп, құжатты Мәжіліске қайтарды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған жоба мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру және орындау тетіктерін жетілдіруге, отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамыту үшін қолайды жағдайлар жасауға бағытталған. Сондай-ақ құжатта ҚР Қарулы күштері мен әлеуетті құрылымдардың қару-жарақ пен әскери техникаға, оқ-дәрілерге деген қажетті сұранысын жарақтандыруға арналған қорғаныстық тапсырыс құрамы айқындалып отыр. Бұдан басқа заң жобасымен Үкіметтің, уәкілетті ұйымның, мемлекеттік тапсырыс берушілердің және қорғаныстық тапсырысты орындаушылардың құзіреттері толықтырылады. Жобаға сәйкес қорғаныстық тапсырыс бюджет туралы заң қабылданғаннан кейінгі 2 ай мерзімде осы мақсаттарға белгіленген шығыстар сомасы шегінде бекітіледі. Бұл ретте мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындаушыларды таңдау барысында ең алдымен отандық тауар өндірушілерге және отандық қызмет көрсетушілерге басымдық берілетін болады. Тек отандық тауар өндірушілердің арасынан орындаушыны айқындау мүмкін болмаған жағдайда ғана бұл шетелдік заңды тұлғалардың арасынан айқындалады. Ал шетелдік заңды тұлғалардың қорғаныстық тапсырысты орындауы Қазақстанның заңнамада белгіленген мемлекеттік сатып алудың ерекше тәртібімен сәйкес жүзеге асатын болады. Талқылау барысында Сенат депутаттары Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына бірқатар өзгерістер енгізіп, құжатты кері қайтарды