Еске сала кетейік, Конституцияға сәйкес, қайта сайланған Президент Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына кандидатты ұсынып, оған Парламент Сенаты келісім беруі керек.
Осыған орай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Нұрлан Нығматулин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Нұртай Әбіқаевты ҰҚК басшысы етіп тағайындау туралы ұсынысын оқып берді.
Палата депутаттары бірауыздан аталған ұсынысты қолдап дауыс берді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Н. Әбіқаев 2010 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы болып тағайындалған болатын.
Н.Ә.Әбіқаев 1947 жылы 15 мамырда Алматы облысы, Жамбыл ауылы, Жамбыл ауданында туған, экономика ғылымдарының докторы, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі. Дипломатиялық рангі - Төтенше және Өкілетті Елші. Әскери атағы - генерал-майор. ҚР ҰҚК құрметті қызметкері.
Қоғамдық қызметі: ҚР Волейбол федерациясының президенті, ҚР Гольф ұлттық ассоциациясының президенті, Ұлттық жаратылыстану академиясының президенті. Наградалары: «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев», «Парасат», «Орден Дружбы» (Ресей), «Орден Почета» (Ресей) ордендері және медальдары бар.