осы Палата Аппаратының редакциялық-баспа бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып қызмет атқарған Орынбек Жолдыбайдың зейнеткерлікке шығуына орай іс-шара өтті. Аппараттың бөлім меңгерушілері жиналған бұл басқосуда Сенат Аппаратының басшысы Қайрат Нұрпейісов зейнеткерлік жасқа жетіп, біржола шығармашылық жұмысқа кіріскелі тұрған Орынбек Жолдыбайға әріптестері атынан ізгі тілегін білдірді.
О.Жолдыбайға жемісті қызметі үшін ҚР Парламенті Сенаты төрағасының Құрмет грамотасы табыс етілді. Сондай-ақ Аппарат басшысының құттықтау хаты мен сый-сияпат ұсынылды.
Аппарат басшысының орынбасары Серік Сыдықов өз сөзінде Орынбек Ендібайұлының ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте еңбек етіп, аударма саласын жетілдіруге, заңдардың мемлекеттік тілде дұрыс жазылуына үлес қосқанын атап өтті.
Орынбек Жолдыбай 1949 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Ащысай кентінде дүниеге келген. 1977 жылы С.М.Киров (қазіргі Әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Қазақ мемлекеттік телерадио комитетінде, «Ақиқат» журналында, Қазақстан Президенті Әкімшілігі мен Министрлер кабинетінің Аппараттарында қызмет жасады. 1996 жылдан бері Сенат Аппаратында еңбек етіп келді.
Ол Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты. ҚР Мәдениет қайраткері, Журналистер одағы сыйлығының лауреаты О.Жолдыбайдың «Замана келбеті», «Уақыт лебі», «Өткен жылдар өрнегі», «Жан сырым», «Академик Рахманқұл Бердібайдың зерттеулеріндегі түркішілдік сарындары» атты кітаптары жарық көрген.