Сенат рақымшылық туралы заңды мақұлдады

Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрінің орынбасары – Қылмыстық атқару жүйесі комитетің төрағасы Абай Қайырбеков Конституцияның 30 жылдығына арналған рақымшылық туралы заң шетелде жазасын өтеп жатқан қазақстандықтарға қалай әсер ететінін түсіндірді.

Заңда азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндірмейтін қылмыстар жасағаны үшін сотталғандарды босату, атап айтқанда:

— қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасағандарды,

— залал келтіруге алып келмеген немесе оны толық өтеген ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдарды,

— залалдың немесе азаматтық талап қоюдың бар-жоғына қарамастан, ауырлығы орташа қылмыс жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдарды босату ескерілген.

Сонымен қатар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адамдар осы Заң жобасы қолданысқа енгізілгенге дейін жасаған қылмыстар туралы қылмыстық істерді, оның ішінде соттарда қаралмаған қылмыстық істерді тоқтату қарастырылған. Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазаның өтелмеген мерзімін қысқарту көзделген.

Осы заңның арқасында қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінен шамамен 632 адам, сондай-ақ пробация қызметінің есебіндегі 3,5 мың сотталған, барлығы 4 мың 100 адам бостандыққа шығады. 

Еске салсақ, өткен аптада Мәжіліс «Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңды қабылдап, сенатқа жолдаған болатын.