Заңдар Мемлекет басшысының биылғы жылдың наурыз айында жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты кешенді қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жариялау туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында бір топ Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген. Рақымшылық жариялау - мемлекеттің құқығы және ол маңызды қоғамдық-саяси оқиғаларға орай қабылданатын арнайы шара.
- Қазақстанның конституциялық дамуының жаңа кезеңі әділеттілік, ізгілік, заң үстемдігі және адамның қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттарын бекітті. Осыған орай қоғамдық қауіптілігі жоғары емес жекелеген құқық бұзу әрекеттерін жасаған адамдардың түзелуіне және қоғамға қайта бейімделуіне қосымша мүмкіндік беру туралы оң шешім қабылданып, арнайы заң енгізіліп отыр. Рақымшылық жауаптылық қағидатынан бас тартуды білдірмейді, керісінше, заңда нақты белгіленген жағдайларда қолданылатын ізгілік актісі саналады. Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заң қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдардың жекелеген санаттарына қатысты гуманизмнің біржолғы актісін жүргізуді көздейді. Қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдар, сондай-ақ залал келтіруге алып келмеген не оны толық өтеген немесе олар бойынша азаматтық талап қойылмаған ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдар қылмыстылық жауаптылықтан босатылуға жатады, - деді сенатор Мұрат Қадырбек.
Бұдан бөлек, ауырлығы орташа қылмыстар жасаған сотталғандардың жоғарыда аталған санаттарына жатпайтын, ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдарға негізгі жазасының өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімі немесе мөлшері екіден бір бөлігіне қысқартылады.
Жазасын өтеп жатқан немесе оны әлі орындамаған адамдарға негізгі жазасының өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімдері немесе мөлшерлері қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген залалды және өздеріне қойылған талапты толық өтеген жағдайда не олар болмаған кезде:
- ауыр қылмыстар бойынша – үштен бір бөлігіне;
- аса ауыр қылмыстар бойынша төрттен бір бөлігіне қысқартылады.
Ал осы санаттарға жатпайтын сотталған адамдарға негізгі жазасының өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімдері немесе мөлшерлері:
- ауыр қылмыстар бойынша – төрттен бір бөлігіне;
- аса ауыр қылмыстар бойынша бестен бір бөлігіне қысқартылады.
- Сонымен қатар, ең қауіпті қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылықтың бұлтартпастығы қағидаты сақталады. Рақымшылық - сыбайлас жемқорлық қылмыстар, террористік, экстремистік, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар, азаптаулар жасаған, өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалған, адам өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, мемлекетке опасыздық жасау, сондай-ақ басқа да аса қауіпті қылмыстар жасаған сотталғандардың өзге де санаттарына қолданылмайды. Осы мақсатта рақымшылық жасау туралы заңның 3-бабында рақымшылық қолданылмайтын қылмыстық құқық бұзушылықтардың тізімі нақты айқындалады, - деді депутат.
Әкімшілік рақымшылық
Қаралып отырған заңмен Қазақстан тарихында алғаш рет қылмыстық рақымшылықпен қатар, әкімшілік рақымшылықты да жүргізу көзделіп отыр. Бұған дейін мұндай құқықтық тетік республикалық деңгейде қолданылған емес, сондықтан бұл заңның аса маңызды жаңалықтарының бірі саналады.
- Қазақстан Республикасының азаматтары, дара кәсіпкер ретінде тіркелген кәсіпкерлік субъектілері, жекеше нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, заң консультанттары санатындағы жеке тұлғалар әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін осы Заң қолданысқа енгізілетін күнге орындалмаған әкімшілік айыппұл түрінде қолданылған әкімшілік жазадан немесе оның осы заң қолданысқа енгізілетін күнге орындалмаған бөлігінен босатылады. Рақымшылық қолданылғаннан кейін, тиісті айыппұлдар бойынша атқарушылық іс жүргізулер тоқтатылуға жатады. Кәсіпкерлік саласына да ерекше назар аударылған, - деді сенатор.
Әкімшілік рақымшылық қоғамдық қауіпсіздікке, азаматтардың өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ мемлекеттің мүдделеріне қатер төндіретін құқық бұзушылықтар жасаған адамдарға қолданылмайды.
- Рақымшылық жасау туралы негізгі заңмен қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған адамдарға қатысты рақымшылық жасауды қолдану шарттары мен тәртібі де реттеледі. Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасына ілеспе түзетулер рақымшылықтың тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуге және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтау тәртібін жетілдіруге бағытталған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер рақымшылық актілерін іске асырудың тиімділігін арттыруға және әкімшілік іс жүргізуді цифрландыруды жетілдіруге арналған. Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі, құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша түзетулер атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін арттыруды, сондай-ақ Заң мен Тәртіп конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияны құруды көздейтін нормаларды қарастырады, - деді Мұрат Қадырбек.
Еске салсақ, маусым айының басында Парламент Мәжілісі аталған заңдарды қабылдаған еді.
Бұған дейін әкімшілік рақымшылық 21 млрд теңге айыппұлды есептен шығаруға мүмкіндік беретіні мәлім болды.