Сенат рұқсат беру жүйесін жеңілдетуге арналған заң жобасын Мәжіліске қайтарды

АНА. 17 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында

«ҚР кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқыланды. Құжатқа бірқатар түзетулер енгізілгендіктен, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.

Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобасы рұқсат беру саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге арналып отыр. Мемлекет басшысы жолдауларында Үкіметке әкімшілік реформа шеңберінде бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені батыл азайту, рұқсат беру жүйесін, ең алдымен лицензиялауды, сертификаттауды, аккредиттеуді одан әрі оңайлатуды тапсырған болатын. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін аталған заң жобасы әзірленген. Заң жобасымен 54 заңнамалық актіге, оның ішінде 5 кодекс пен 49 заңға өзгерістер енгізіледі. Енгізілген өзгерістер жекелеген рұқсат беру құжаттарын беру жөніндегі нормаларды, артық талаптарды, заңнамалық актілер нормаларының арасындағы қайшылықтарды алып тастауға септігін тигізеді. Бұдан бөлек, құжатта лицензия беру мерзімін қысқартуға, қызмет түрлерінің атауларын өзгерту жолымен жекелеген қызмет түрлерін лицензиялау жөніндегі талаптардың қолданылу саласын ықшамдауға бағытталған нормалар қамтылады. Заң жобасымен қолданыстағы 1 мың 15 рұқсат беру құжатының рәсімдерінің 331-і немесе 30 пайызы қысқартылады. Лицензияланатын қызмет түрлері шеңберінде қоршаған ортаны қорғау мен ауыл шаруашылығы саласындағы субъектілер аясын азайту көзделеді. Бұдан бөлек, рұқсат беру құжаттарын алуға байланысты уақыт және қаражат шығындарын азайту мақсатында рұқсат беру рәсімдерін жеңілдету көзделіп отыр. Атап айтқанда «жалғыз терезе» қағидатын барлық мемлекеттік органдар қолданатын болады. Сондай-ақ, лицензия берудің мерзімі 30 күннен 15 күнге дейін қысқартылады. Заң жобасы қабылданғаннан кейін рұқсат беру құжатының айналымы жылына 800 мыңнан астам данаға азаятындығы болжанып отыр.