Сенат сайлауы балама негізде өтті - ТМД байқаушылары

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенаты депутаттарын сайлау балама негізде өтті. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы ғимаратында өткен брифингте Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы байқаушылар миссиясының жетекшісі Сергей Лебедев айтты.

«Біз Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде өткен сайлауға дайындық барысын және оның өтуін жіті бақыладық. Дайындық шараларын ұйымдастыру деңгейінің жоғарылығын, ОСК мен облыстық сайлау комиссиялары жұмысының нақтылығын айрықша атап өткім келеді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, барлық кандидаттар өз бағдарламаларын таныстыруға, қоғам өкілдерімен кездесуге және бұқаралық ақпарат құралдарында мәлімдеме жасауға жан-жақты мүмкіндік алған.

«Сайлаудың балама негізде өткендігі қуантады. Барлық жерде Сенат депутатының 1 орнына 2-3 кандидаттан үміткер болды», - деді ол.