14 қаңтарда өтетін Сенат депутаттарын сайлау науқаны қарсаңында бас санитар дәрігер коронавирус инфекциясы, тұмау және ЖРВИ таралуының алдын алу шараларын еске салды.
«Елімізде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Тәулігіне ПТР-дің оң нәтижесі бар 200-ге дейін COVID-19 жағдайы және теріс нәтижесі бар 10 жағдайға дейін тіркеледі. Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес барлық өңір жасыл аймақта», - деді А. Есмағамбетова Орталық сайлау комиссиясының отырысында.
Оның айтуынша, індеттің таралуының бір аптадағы көрсеткіші төмендеген. Яғни алдыңғы аптамен салыстырғанда 4% немесе 1135-тен 1089 жағдайға дейін азайған.
Сонымен қатар 16 өңірде (Алматы қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Абай, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары) R көрсеткіші бірліктен жоғары.
Осы орайда бас санитар дәрігер халық көп жиналатын орындарда маска тағуды ұсынды.
«Сайлау өтетін ғимараттарды желдетіп, маска режимін сақтаған жөн», - дейді ол.