Сенат сайлауы: Ең жас кандидат - 37 жаста, ең үлкені - 66-да

АСТАНА. ҚазАқпарат - 8 тамыздағы жағдай бойынша ағымдағы жылғы 1 қазанда өтетін ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауына 79 кандидат ұсынылған, олардың ішіндегі ең жасы 37-де болса, ең үлкені - 66 жаста. Кандидаттардың орташа жасы 53 жасты құрайды.

Бұл туралы брифингте Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос мәлім етті.

«Мамандығы бойынша ұсынылған кандидаттардың 29-ы инженер, 12-сі экономист, 11-і оқытушы, 11-і ауыл шаруашылығы қызметкерлері (агрономдар, зоотехниктер, мал дәрігерлері және басқалар), 10-ы дәрігер, 4-і заңгер, 2-і басқа мамандық иелері. Ал қызмет түрі бойынша 4-і Парламент Сенатының депутаты, 33-і мемлекеттік органдар, ұйымдар, кәсіпорындар және мекемелер қызметкерлері, 28-і коммерциялық құрылымдар қызметкерлері, 13-і ғылым, мәдениет, білім беру және денсаулық қорғау қызметкерлері, 1-і басқа салаға жатады», - дейді В. Фоос.

Оның айтуынша, ұсынылған кандидаттардың әрқайсысы алдағы уақытта Орталық сайлау комиссиясының арнайы шотына 300 мың теңге мөлшерінде сайлау жарнасын депозит ретінде енгізуі тиіс. Сонымен қатар кандидат пен оның зайыбы (жұбайы) тіркелгенге дейін тұрғылықты жері бойынша салық органдарына табысы мен мүлкі туралы декларация тапсыруға міндетті.

«Орталық сайлау комиссиясының бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес кандидаттарды ұсыну 31 тамызға дейін жалғасады. Кандидаттарды тіркеуді облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары 11 қыркүйекке дейін жүзеге асырады», - деді В. Фоос.