«Әрине, бұл сайлау төте сайлау емес, таңдаушылар арқылы сайланатын жанама сайлау болып табылады. Сондықтан бұл сайлауға халық өкілдері ретінде еліміздегі 3335 мәслихат депутаттары қатысады. Ал Орталық сайлау комиссиясы сайлау барысын жалпы әлеуметке жеткізіп отыру үшін бірқатар шараларды іске асыратын болады», - деп атап өтті ол бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.
Оның айтуынша, сайлау күніне дейін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында үміткерлер туралы ақпараттар беріліп, әрдайым баспасөз конференциялары ұйымдастырылып отыратын болады. Сондай-ақ, баспасөз орталығы жұмыс жасайды, Орталық сайлау комиссиясының сайты да жергілікті сайлау туралы барлық ақпараттармен толықтырылып отырады.
«Сонымен қатар, сайлаудың ерекшеліктерін түсіндіру үшін бейне-, аудиороликтер түсіріліп, халықтың назарына ұсынылатын болады. Сондықтан сайлау туралы ақпарат жалпы халыққа толыққанды жеткізіліп отырады деген ойдамыз», - деді ол.