Сенат сайлауына қызығушылық жоғары - ОСК

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 қазанда өтетін Сенат депутаттарының сайлауына қызығушылық жоғары. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.

Еске сала кетейік, Орталық сайлау комиссиясының отырысында шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын тіркеу туралы қаулы қабылданған. Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша ТМД байқаушылар миссиясының құрамында 103 байқаушыны, ШЫҰ-дан - 4, шет мемлекеттерден 22 байқаушыны тіркеді.

«Сайлау үдерісінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету бойынша Орталық сайлау комиссиясы белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Байқауға қатысатын халықаралық байқаушылар саны бүгінгі күнге дейін тіркелген байқаушылармен шектелік қалмайды деп ойлаймын. Жалпы, Сенат сайлауының жанама өтетіндігіне қарамастан, сайлау науқанына деген қызығушылық жоғары», - деп атап өтті ОСК төрағасы Қ. Тұрғанқұлов.

Сондай-ақ ОСК басшысының айтуынша, қазір үміткерлер арасында үгіт науқаны қызу жүруде. Мәселен, барлық өңірлерде үй-жайлар айқындалып, кандидаттардың таңдаушылармен кездесу кестелері құрылған. Іс жүзінде күн сайын республикада 30-дан астам үгіттік шаралар өтуде.

Бұл ретте 9 кандидат өздерінің сайлауалды үгіт науқанының тиімділігін арттыру мақсатында үгіттік іс-шараларды жүргізу үшін өздеріне республикалық бюджеттен бөлінген қаражатпен шектеліп қана қоймай, өз сайлау қорларын құрды. Ал бұқаралық ақпарат құралдары мониторингінің деректеріне сәйкес 2014 жылғы 1 тамыз бен 19 қыркүйек аралығындағы кезеңде қазақстандық масс-медиада сайлау науқанына арналған 580-нен астам материал жарияланған. Олардың 102-сі электрондық БАҚ-та, 52-сі баспа және 425-тен астамы - интернет желісінде.

Еске сала кетсек, сайлауалды үгіт науқаны 29 қыркүйек күні 24.00 сағатта аяқталады.