Сенат сайлауынан 14 кандидат шығып қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауына тіркелген 53 кандидаттың 14-і тіркеу мерзімі аяқталғаннан кейін, сайлау додасынан өз өтініштері бойынша шығып қалды. Осылайша, қазіргі уақытта 1 қазанда өтетін сайлауға барлығы 39 кандидат тіркеліп тұр. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов мәлім етті.

«Дауыс беру күніне дейінгі екі күнде кандидатты тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға немесе бұған дейін тіркеуден шығарылған кандидатты қайта тіркеуге рұқсат етілмейді. Осыны ескерсек, қалған кандидаттардың барлығы алдағы сайлауға қатысатын болады», - дейді Бақыт Мелдешов.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта барлық қажетті қорғау дәрежелері бар жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдер әзірленген. Сайлау заңнамасына сәйкес бюллетеньдер сайлау күніне бір күн қалғанда тиісті аумақтық сайлау комиссияларына жеткізіледі.

Еске сала кетейік, Парламент Сенаты депутаттарының сайлауында дауыс беру 2014 жылғы 1 қазанда таңдаушылардың (мәслихаттардың - ред.) отырысында өтеді. Таңдаушылардың бірлескен отырысына облыстың барлық мәслихаттарынан өкіл болатын, сайланған депутаттар санының елу пайызынан астамы қатысса, ол заңды деп саналады. Дауыс беру заңды болуы үшін таңдаушылардың бірлескен отырыстарына таңдаушылардың елу пайызынан астамы дауыс беруге қатысулары тиіс. Дауыс беруге қатысқан таңдаушылардың елу пайызынан астамының дауысын алған кандидат сайланған болып саналады. Ал егер дауыс берудің бірінші турына екіден астам кандидат қатысса және олардың бірде-бірі жеңіске қажетті дауыстар жинай алмаса, сол күні басқа кандидаттармен салыстырғанда ең көп дауыс жинаған екі кандидаттың арасында екінші тур өтеді. Екінші турда басқа кандидатқа қарағанда дауыс беруге қатысқан таңдаушылардың дауыс көпшілігін алған кандидат жеңіске жетті деп есептеледі.