Заң жобасы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пунктерінде әкімшілік кедергілерді жою, бақылаушы органдардың санын қысқарту, сонымен қатар Кеден одағының шекарасындағы өткізу пункттері арқылы жүктерді өткізуді жеделдетуді қарастырады
«Бүгінгі күні кеден органдарына көліктік және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау түрлерін жүргізу бойынша функциялар берілген. Ал Женева конвенциясына сәйкес, бақылаудың барлық түрлерін ұйымдастыру кеден қызметімен үйлестiрiледі және олардың уәкілеті берілген жағдайда бақылау функцияларын жүргізеді. Сондықтан да, заң жобасына сәйкес автомобиль өткізу пункттерінде кеден органдарына ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау бойынша құжаттамалық және физикалық бақылау жүргізу функциялары беріледі»,- деді ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Министрдің сөзіне қарағанда, құжатты қабылдау шекара арқылы көлік құралдарының өту уақытын 3-4 сағатқа дейін қысқартып, шекарадағы жемқорлықтың төмендеуіне жол ашады. Бұдан бөлек, құжатта еліміздің ішіндегі ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау және қадағалауды оңтайландыруға себеп болады.
Сенаторлар барлығы 28 түзету енгізді. Олардың басым бөлігі редакциялық нақтылау сипатында болып табылады.