Сенат «Сот әділдігіне халықаралық қолжетімділік туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Заң жобасын қарайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында «Сот әділдігіне халықаралық қолжетімділік туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Заң жобасы талқыланды.

«Конвенцияны ратификциялаудағы мақсат біздің азаматтардың, сонымен қатар олардың жеке, отбасылық және іскерлік мүдделерін құқықтық қорғауды қамтамасыз ету болып табылады. Осы Конвенция 1954 жылғы Азаматтық процестер мәселелері жөніндегі Гаага конвенциясымен тікелей байланысты», - деп атап өтті заң жобасын таныстырған ҚР Әділет вице-министрі Зәуреш Баймолдина.

Оның БАҚ өкілдеріне түсіндіруінше, Конвенцияға 31 мемлекет қатысушы болып табылады. Аталған құжат ратификацияланғаннан кейін Қазақстан азаматтары Әділет министрлігі және ҚР Жоғарғы соты жанындағы сот қызметтерін қамтамасыз ету жөніндегі департамент арқылы тікелей шетелдік құзіретті органдарға өз сауалын жібере алады.

Комитет аталған заң жобасын талқылағаннан кейін оны палатаның жалпы отырысында қарау туралы шешім қабылдады.