Сенат Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі жөніндегі Конституциялық заң жобасын Мәжіліске қайтарды

АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы ҚР Конституциялық Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарап шығып, құжатты бірқатар өзгерістер енгізіп Мәжіліске қайтарды.

Аталған жоба еліміздің сот жүйесін жетілдіру мақсатында әзірленген және ҚР Президентінің құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінінің тиімділігін арттыру туралы Жарлығын жүзеге асыруға бағытталады. Тоқтала кететін жайт, елдегі реформаға сәйкес ҚР Жоғарғы сотының жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет таратылатыны белгілі. Осыған орай заң жобасында сот қызметін ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету нормалары қамтылып отыр. Сондай-ақ заң жобасымен Жоғарғы соттың төрағасына, аудандық және облыстық соттарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы ұсыныстарды ҚР Президентіне ұсыну жөніндегі өкілеттік беріледі. Құжат бойынша судьяның орнынан түсу нысанында қызметінен босату үшін қосымша талаптар көзделеді және судьяның орнынан түсуін тоқтата тұру институты енгізіледі. Талқылау барысында сенаторлар Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына бірқатар толықтырулар енгізді. Атап айтсақ, заң жобасында Жоғарғы соттың жалпы отырысының өкілеттіктері көзделетін арнайы норма бекітілген. Сенаторлар аталған норманы заңдылықты ұдайы бұзуға жол берген судьяға қатысты талқылауды көздейтін түзетулер енгізуді ұсынып отыр. Бұл түзетулер сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау, сондай-ақ сот төрелігін іске асыру кезіндегі судьяның тәуелсіздігі принциптері сақталуын қамтамасыз ету мақсатында енгізіледі.

Бұдан бөлек, сенаторлар жасаған түзетуге сәйкес сот істерін қарау кезінде заңдылықты бұзуға жол берген материалдарды Сот жюриіне беру туралы норма қамтылып отыр.