Сенат спикері Елбасы атынан жаңадан сайланған сенаторларды құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының отырысы жаңа құраммен өтті. Оның барысында Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президенті Н. Назарбаев атынан жаңадан қызметке кіріскелі отырған депутаттарды құттықтады.

«Сенат депутаттарын сайлау нәтижесінде палата құрамында айтарлықтай өзгерістер орын алды. Біздің қатарымызға жергілікті мәслихаттар депутаттарының таңдауына ие болған тәжірибелі мамандар, ел басқарған іскер басшылар және белгілі қоғам қайраткерлері қосылды. Осыған орай Елбасы Н. Назарбаевтың атынан жаңадан сайланған Сенат депутаттарын құттықтауға рұқсат етіңіздер», - деді Сенат Төрағасы.

«Еліміздің әлеуметтік-экономикалық өрлеуін және халықтың әл ауқатын одан әрі жақсартуды көздейтін кешенді шараларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталған еңбектеріңіздің табысты болуына тілектеспін», - деді Сенат спикері.

Еске сала кетейік, жақында Орталық сайлау комиссиясы 2014 жылдың 1 қазанындағы сайлауда сайланған ҚР Парламенті Сенатының 16 депутатын ресми тіркеуден өткізген болатын.