Сенат спикері Қ. Мәми прокуратура қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

None
АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан прокуратурасы қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтуде.

   Осыған орай, Сенат спикері Қайрат Мәми өзінің интернеттегі парақшасы арқылы прокуратура қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

«Тәуелсіздік алғаннан беріде, прокуратура органдары елімізде демократиялық жүйе қалыптастыруда, әлеуметтік-экономикалық дамуда оңды нәтижелерге қол жеткізуде үлкен үлес қосты. Құқықтық саясат тұжырымдамасында Елбасы Прокуратура - құқық қорғау органдарының түп қазығы екенін атап айтып, осы талапқа сай прокуратура органдары алдына жаңа міндеттер қойды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен қолданыстағы заңнамалық база қайта қаралды. «Прокуратура туралы» заңға енгізілген прокуратура органдарының қадағалаушы қызметінің профилактикалық бағыты мен қарқындылығын, олардың үйлестіруші функциясын күшейтуге, тұтас алғанда, жеке адамдардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын және заңды тұлғалардың мүдделерін қорғау деңгейін арттыруға бағытталған заңнамалық жаңалықтар прокуратураның құқық қорғаушы қызметіне жаңа серпін берді», - деп жазады Сенат спикері.

Бұл ретте Төраға әрқашанда жоғары кәсіби даярлығымен, және жеке басының кіршіксіз тазалығымен ерекшеленетін прокуратура қызметкерлерінің  өз ісі мен абырой алдындағы адалдығы Ар-намыс Кодексін қабылдауымен нығая, беки түсті деген сенімін білдіреді. Оның айтуынша, елде заңдылық пен құқықтық тәртіпті қолдау жөніндегі мемлекеттік органдардың әрекеттерін біріктіре отырып, Бас прокуратура үйлестіруші функцияны да атқарады.

«Құрметті прокуратура органдарының қызметкерлері!
Сіздердің ел алдындағы заң бұзушылықты болдырмау, қадағалау бағытындағы жұмыстарыңыз әрқашан да жауапты. Әсіресе, бүгінгі қаржы дағдарысы кезінде жұртшылықтың әлеуметтік жағдайына қорған бола білу Сіздерге  ең үлкен міндет болып табылады.
Өткен кезең ішінде прокуратура органдары, әсіресе халықтың еңбек құқығын қорғау, қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес, мемлекет пен азаматтардың заңды мүдделерін қорғау, еліміздің біртұтас құқықтық кеңістігін қамтамасыз ету сияқты өз жұмысының басым бағыттары бойынша елеулі табыстарға жетті.
Кәсіби мереке қарсаңында Бас Прокуратураның заман талабына сай  жаңа ғимаратқа қадам басқан қуанышы құтты болсын. Бұл - заңның үстемдігін және оның мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуші жетекші құқық қорғаушы орган - Қазақстан прокуратурасына мемлекет пен Мемлекет басшысының үздіксіз көңіл бөліп келе жатқанының жарқын дәлелі. Прокуратура органдарының барлық қызметкерлерінің заңдылық пен құқықтық тәртіпті күшейту жөніндегі жауапты міндетті орындаудағы жасампаз еңбектеріне үлкен табыстар тілеймін.
Заңдылықты  қорғау жолындағы қызметтеріңіз әрқашан жемісті болсын», - дп жазады Қайрат Мәми.