Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.
Кездесуде Сенат Төрағасы Елшіні алдымен жыл сайын 6 маусымда атап өтілетін Швецияның Ұлттық күнімен құттықтады. Сонымен қатар, жүздесу барысында соңғы жылдары Қазақстан мен Швецияның байланыстары қарқынды дамып келе жатқаны аталып өтілді. 2010 жылы Швецияның Астанадағы Елшілігінің ашылуы екі елдің өзара іс-қимылының кеңеюі мен тереңдей түсуінің маңызды көрінісі болды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес біздің еліміз де таяу болашақта Стокгольмде өз Елшілігін ашуды жоспарлап отыр.
Тараптар сондай-ақ парламентаралық ынтымақтастықтың келешегі туралы пікір алмасты. Швед депутаттары бірнеше рет Қазақстандағы сайлауға байқаушылар миссиялары құрамында болған еді. Одан басқа, екі елдің делегациялары ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы аясында өзара іс-қимылды жалғастырып келеді. Қ.Мәми қазақстандық парламентшілердің Швецияның Риксдагымен сындарлы үнқатысу мен жемісті ынтымақтастықты қалыптастыруға мүдделі екенін білдірді.
«Кездесу барысында Қазақстан мен Швейцария көптеген аймақтық және халықаралық мәселелердің шешілуі бойынша ортақ көзқарасқа ие екенін атап өттім. Әңгіме кезінде ЕҚЫҰ-ға 2014 жылы Швейцарияның төрағалық етуі тұрғысындағы өзара іс-қимыл мәселелері қозғалды. Екіжақты парламентаралық үнқатысуды ілгерілету мәселелері туралы айта келіп, Швейцария Федералдық жиналысының «Швейцария-Қазақстан» ынтымақтастық тобын құру туралы шешіміне қолдау білдірдім», - деп жазды спикер кездесу туралы интернеттегі жеке парақшасында.