Сенат «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңды қабылдады
Құжаттың басты мақсаты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы жетілдіру арқылы, қоғамда сыбайлас жемқорлықты жою, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау болып табылады. Сонымен бірге құжаттағы нормалар мемлекеттік аппарат пен өзге де салаларда сыбайлас жемқорлықтың көрінуінен туындайтын қатерлерден Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады. Атап айтқанда, қолданыстағы заңнамада белгіленген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың басым бөлігі формальды және тәртіптік сипатта болғандықтан, әрі материалдық игіліктер алуды көздемейтіндіктен, заң жобасымен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың жаңа көріністері енгізіліп отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеуге, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыруға бағытталған. Бұдан бөлек, құжат арқылы мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыру, сонымен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қызметін үйлестіру жөніндегі өкілеттіктер берілген уәкілетті орган айқындалады. «Сыбайлас жемқорлық», «сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат», «сыбайлас жемқорлыққа тәуекел» ұғымдары ашылады.
Сонымен бірге заң жобасына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг пен талдау шаралары қамтылмақ. Бұл ретте сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг барлық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерімен жүргізілетін болады. Ондай мониторинг нәтижелері сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу үшін негіз болып табылады. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдауды барлық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілері де жүзеге асыратыны болжанған.
Айта кетерлігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау шараларының қорытындысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық баяндама дайындалып, ол Мемлекет басшысының қарауына енгізілетін болады. Ұлттық баяндама әлемдік және ұлттық деңгейдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы жай-күйін талдайды және оның даму үдерісін қамтитын маңызды стратегиялық құжатқа айналады. Бұдан бөлек, Ұлттық баяндама анықталған сыбайлас жемқорлықтар туралы және оның жолын кесу мен жою фактілері қамтылады. Жалпы, Ұлттық баяндама туралы норма Нидерланды мен Сингапур сияқты елдердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәжірибесіне негізделген. Мәселен, Нидерландыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйесі рәсімдік және институционалдық шараларды, атап айтқанда, ішкі істер министрінің Парламентке жыл сайын баяндама ұсынуын қамтиды. Айта кетерлігі, жауапты мемлекеттік лауазымдарды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың, лауазымды адамдардың, сондай-ақ көрсетілген функцияларды орындауға уәкілеттік берілген кандидаттар болып табылатын адамдардың өз өкілеттіктерін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануына әкеп соғуы мүмкін теріс пайдалануға және әрекеттерді жасауға жол бермеу мақсатында, олар өздеріне шектеулерді жазбаша нысанда қабылдауға міндетті болмақ.