Сенат сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін нормаларды жоюға бағытталған құжатты Мәжіліске қайтарды

АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әртүрлі заңнамалық актілердің құқық нормалары арасындағы қайшылықтарды,

олқылықтарды, коллизияларды және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін нормаларды жою мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқыланды. Сенат тарапынан бірқатар ұсыныстар енгізілгендіктен, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.

Аталған құжат еліміздің құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру мақсатында әзірленген. Бұл ретте қолданыстағы заңнаманы ескірген және бір-бірін қайталайтын нормалардан арылту, құқықтық реттеудегі олқылықтардың орнын толтыру, қолданылып жүрген құқықтық ішкі қайшылықтарды жою қажеттігі атап көрсетілген болатын. Осыған байланысты заң жобасымен 33 заңнамалық актіге түзету енгізу көзделген. Атап айтқанда, Ішкі істер министрлігіне мемлекеттің әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларда әрекет жасауының құқықтық тетігін белгілеуге бағытталған 13 заң актісіне түзету енгізу ұсынылады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін нормаларды алып тастау қарастырылады.

Талқылау барысында сенаторлар бірқатар өзгерістерді ұсынды. Атап айтқанда, заң жобасымен Қылмыстық Кодекстің 241-бабының үшінші бөлігінде көзделген әрекеттер үшін жаза қатаңдатылады. Атап айтқанда, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның ең жоғарғы мерзімі 6 жылға дейін ұлғайтылған. Осы өзгеріске байланысты жоғарыдағы бапта көрсетілген қылмыстар ауырлығы орташа қылмыстар санатынан ауыр санатына ауысады. Алайда, осыған қатысты заң жобасымен тиісті өзгерістер енгізілмеген. Бұдан бөлек, тағы бірқатар өзгерістер ұсынылып отыр.