Сенат тақтатас мұнайы мен уран өндіруге қатысты заңды мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске көмірсутектер мен уран саласында жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң екі оқылымда қаралып, мақұлданды.
Заңның мақсаты — жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, инвестициялық тартымдылықты арттыру, сондай-ақ мемлекеттің уран саласындағы мүддесін қорғау.
Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мәліметіне қарағанда, құжатта аз зерттелген аумақтарда геологиялық зерттеу жүргізу ерекшеліктері белгіленеді, олардың аясында:
— аз зерттелген аумақтарға жататын учаскелерді қалыптастыру тетіктері;
— геологиялық зерделеу үшін жер қойнауын пайдалану құқығын беру мақсатында аз зерттелген аумақтар бойынша аукцион өткізудің жеделдетілген тәртібі;
— аз зерттелген аумақтарда барлауға және өндіруге арналған келісімшарттар жасасу ерекшеліктері және олардың талаптары;
— келісімшартты ұзарту арқылы геологиялық зерттеу нәтижелері бойынша барлауға көшу құқығы көзделеді.
Заңда Қазақстан Республикасының көмірсутектер қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясының әрекет ету мерзімін 2030 жылға дейін ұзарту ескерілген.
— Маңызды бағыттардың бірі — күрделі жобалар бойынша, әсіресе алуға қиын, тереңде жатқан (тақтатас) мұнайды өндіру бойынша үлгілік келісімшарт өлшемдерін кеңейту. Басқаша айтқанда, инвесторлар үшін икемді және тартымды жағдайлар жасақтайтын жетілдірілген модельдік келісімшартты енгізу. Бүгінде бұл талапқа екі кен орны жатады: олар жалпы алынатын мұнай қоры 18,7 млн тонна көлеміндегі Шығыс Қазақстан облысындағы Сарыбұлақ және Қызылорда облысындағы Қарағансай кен орындары. Әрине, мұндай кен орындарын игеру ірі инвестицияларды, заманауи технологияларды және ұзақ мерзімді кепілдіктерді қажет ететіні белгілі. Бұл жобаларды қажетті ынталандыру шараларын ұсынбай, жүзеге асыру мүмкін емес. Ұсынылған түзетулер инвесторлар үшін қажетті құқықтық және экономикалық ынталандыру шараларын жасай отырып, ел аумағында алуы қиын көмірсутектерді барлау мен өндіруді жандандыруға мүмкіндік береді, — деді сенатор Әлібек Нәутиев.
Сонымен қатар депутат заңда уран саласында реттеудің тиімділігін арттыруға және ұлттық мүдделерді қорғауға бағытталған бірқатар түзету қарастырылғанын айтты.
— Қазіргі кезде Қазақстан уран өндіру бойынша әлемдік көшбасшы ел ретінде танымал. Уәкілетті органның мәліметінше, 2024 жылы Қазақстан әлемдік уран өндірудің шамамен 40 пайызын қамтамасыз етті, бұл шамамен 23 мың тонна көлеміне жетеді. Елімізде 1,3 миллион тоннадан астам барланған уран қоры мен ресурстары бар. Қазақстан аумағында геологиялық белгілері мен өнеркәсіптік маңыздылығы жағынан ұқсас алты ірі уран кен орны табылған. Бұл кен орындары тұрақты өндіру мен экспортты қамтамасыз етеді, уранның 100 пайыздан астамы ұңғымалық жерасты сілтісіздендіру әдісімен өндіріледі, бұл өз кезегінде өндірісті экологиялық қауіпсіз және үнемді етеді. Ядролық отынға сұраныстың жаһандық өсуін ескере отырып, әсіресе жаңа атом электр станцияларының құрылысына орай еліміздің уранның жетекші жеткізушісі ретіндегі рөлі тек күшейе түседі, — деді сенатор.
Осыған байланысты заңмен уран саласындағы ұлттық компанияның жер қойнауының стратегиялық учаскелерін барлауға және әзірлеуге лицензия алуға басым құқығын бекіту ұсынылады.
Бұған дейін хабарланғандай, уран саласындағы ұлттық компанияға жаңа кен орындарын игеруде басым құқық беріледі.
Биыл 8 қарашада Мәжіліс тақтатас мұнайын өндіруді ынталандыратын заңды қабылдады.