Сенат тегін медициналық көмектің мүмкіндіктерін кеңейтетін заңды мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM — Сенат тегін медициналық көмектің мүмкіндіктерін кеңейтетін заңды екі оқылымда мақұлдады.
— Бұл заң медициналық көмектің бірыңғай базалық пакетін қалыптастыру механизмдерін айқындайды. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілетін көлемі (ТМККК) және МӘМС жүйесінде көрсетілетін медициналық қызмет түрлерінің аражігін ажыратып, оларды нақты белгілейді. Бұл, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын, тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, — деді құжатқа қорытынды берген сенатор Әсем Рахметова.
Оның сөзінше, бұл заң еңбекақысы жоғары қызметкерлер үшін МӘМС жүйесіне жарна мен аударым төлеуде жеңілдіктерді жойып, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды барлық деңгейдегі медициналық көмекке қол жеткізу мүмкіндігін арттырады.
— Мәселен, ТМККК көлемі шеңберінде орфандық ауруларды емдеуге арналған дәрілік заттармен қамтамасыз ету, оларға диагностика жасау және мамандандырылған стационарда күтім жасау көзделіп отыр. Сондай-ақ, елімізде сақтандыру жүйесінен тыс қалған әлеуметтік әлсіз топтағы және жұмыссыз жүрген азаматтарға медициналық көмекке жүгінген жағдайда өңірлердің бюджетінен жарна төлеу белгіленген, — деді депутат.
Заң МӘМС жүйесіне бюджеттен төленетін жарналар мөлшерлемелерінің кезең-кезеңімен арттыру арқылы азаматтар мен бизнеске шамадан тыс қаржылық жүктемені азайтуды көздейтін нормалар қаралған және медициналық қызметтің сапасын артыру мақсатында медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы уәкілетті органға қадағалау функциясы қайта беріліп отыр.
Еске салсақ, министрлік МӘМС жүйесін жоюды талап еткен петицияға жауап берген болатын.