деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасы 2007-2011 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы ережелерін орындау мақсатында әзірленген. Заң жобасы бұрын террористік қылмыс жасаған адамдарға ескіру мерзімдерін қолдануға тыйым салуға, экстремистік немесе террористік ұйымның өз атауын өзгерту фактісін соттың анықтау тетігін бекітуге бағытталған. Сонымен бірге құжатта БАҚ-тарда терроризмге қарсы операциялардың техникалық тәсілдері мен тактикасын ашатын мәліметтерді таратуды шектеуге, лаңкестікке қарсы операцияның құқықтық тәртібін реттеуді жетілдіруге бағытталған шаралар көзделеді.
«Өзгертулердің негізгі бөлігі әлі болмаған террористік қауіптердің алдын алуға қатысты болып табылады. Бұндай қауіп-қатер әлемдік қауымдастықты терроризмге қарсы тұрудың құқықтық баға беру тәсілдері мен жолдарын түбегейлі өзгеруге мәжбүр етті. Қазақстанда мұндай заң 1999 жылы қабылданған болатын. Бүгінгі күні Қазақстан БҰҰ-ның барлық әмбебап терроризмге қарсы конвенцияларын қабылдады. Халықаралық ұйымдар шеңберінде бірқатар келісімдерге қол қойылды. 40-тан астам елдермен екіжақты уағдаластықтар жасалды. Аз ғана жылдар ішінде Орталық Азия мен оған шектес мемлекеттердің қауіпті аймаққа айналуы біздің ел үшін де террористік тәуекелдердің өсіне себеп болып отыр», деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Әділ Шаяхметов.
Оның айтуынша, құжат терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы республикалық, халықаралық міндеттемелерді іске асыруға, ұлттық заңнаманы үйлестіруге және бірізге келтіруге бағытталады. Бұдан басқа, осындай қауіпке қарсы тұрудың құқықтық негіздерін жетілдіріп, лаңкестікпен күресудің тиімді мемлекеттік жүйесін оңтайландыру шаралары көзделеді. «Заң жобасы терроризмнің алдын алуға және күресуге, сондай-ақ оның салдарын жою мен барынша азайтуға бағытталған кешенді құқықтық және ұйымдастырушылық шараларды қамтып отыр. Сонымен бірге заң жобасындағы өзгерістерге сәйкес терроризмге қарсы операциялардың құқықтық тәртібі белгіленеді. Құжат бойынша Президенттің және Үкіметтің өкілеттілігі, терроризмге қарсы іс-қимылды үйлестіру жөніндегі уәкілетті органның қызметі мен міндеті анықталады», деді Ә. Шаяхметов.
Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы екінші оқылымға әзірлеу үшін Бас комитетке тапсырылады.