Заң жобасының мақсаты - экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы жетілдіру. Бұл ретте құжат мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін, құқықтары мен міндеттерін нақтылауға бағытталған ережелерді қарастырады. Экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жекелеген өкілеттіктер жергілікті деңгейге берілді. Сонымен қатар, заң жобасымен сот тәртібімен экстремистік немесе террористік деп танылған ұйымдар туралы деректерді, осындай құқық бұзушылық жасаған адамдарды, экстремистік және террористік мазмұндағы ақпараттық материалдарды есепке алудың арнайы нысанын енгізу көзделеді. Белгілі бір ұйымды сот тәртібімен экстремистік немесе террористік деп танудың жеңілдетілген жолы қарастырылады. Сосын сот осындай шешім шығарған жағдайда, бұл шешім дереу орындалуға жататын болады.
Талқылау барысында Сенат Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына төрт түзету енгізген болатын. Бұлар негізінен редакциялық нақтылау сипатында болып табылады. Мәселен, заң жобасында қаржы полициясы органдарына экстремизм мен терроризмге қарсы белгілі бір өкілеттіктер беру ұсынылған болатын. Алайда, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, қаржы полициясы органының функциялары Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитетінің жаңадан құрылған экономикалық тергеу қызметіне беріледі. Сенаторлар енгізген түзету негізінен осы бағытта болып отыр.