«Заң жобасын қабылдау ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бірлесе үйлестірілген шараларды өткізуге мүмкіндік береді. Келісімді ратификациялау тиісті бағыттар бойынша өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ақпаратты трансшекарылық беруді ұйымдастыру, әлеуетті әрі нақты қауіптерден ақпараттық жүйелер мен ресурстарды қорғау технологиясын жетілдіру, ақпаратты қорғау құралдарын сертификаттаудың және сертификаттау нәтижелерін өзара танудың келісілген тәртібін белгілеу ескерілген», - деп тоқталды ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Марат Нұрғожин заң жобасын таныстыру барысында.
Өз кезегінде сенатор Нұржан Нұрсипатов бұл келісімге 2013 жылғы 20 қарашада ТМД елдерінің үкімет басшыларының деңгейінде қол қойылғанын еске салды.
«Мемлекет басшысы бүкіл ел экономикасын толықтай цифрландыру мәселесіне қатысты тиісті тапсырма берген болатын. Сондықтан бұл тапсырма ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тығыз байланысты. Сонымен қатар бұл жұмыстар еліміздің киберқауіпсіздігі туралы тұжырымдамасы аясында да атқарылып жатыр. Қарастырылып отырған заң жобасы Қазақстан мен достас мемлекеттер үшін маңызы өте жоғары. Бүгінгі күнге 4 мемлекет бұл заң жобасын ратификациялап қойған, олардың қатарында Ресей, Беларусь, Тәжікстан мен Қырғызстан бар», - деп атап өтті Н. Нұрсипатов.
Талқылаудан кейін комитет заң жобасын палатаның жалпы отырысының қарауына шығару туралы шешімді қабылдады.