Сенат төрағасы Ақтөбе облысының жастарымен кездесуде «Адал азамат» тұжырымдамасының маңызы туралы айтты

Фото: Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM —  Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ақтөбе облысының жұртшылығымен, мәслихат депутаттарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен және дарынды жастарымен кездесті.

Палата спикері атап өткендей, өңірлерді нәтижелі дамытып, азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін ел Президентінің бастамасымен қолға алынған реформаларды сапалы іске асыру және сол жолда күш жұмылдыру аса маңызды. Осыған байланысты ол заңнамалық саладағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталды.

— Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде кешенді реформалар іске асырылып жатыр. Соның ішінде экономиканы әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Ұлттық құрылтайдың IV отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси бағдарына қатысты басымдықтар айқындалды. Мұның бәрі — Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Қуатты Қазақстан құру үшін қолға алынған кешенді бастамалар. Мемлекет басшысы белгілеп берген осы міндеттерді іске асыру жолында сенаторлар мен мәслихат депутаттарының жүйелі өзара іс-қимылы мен бірлескен жұмысын әрі қарай жалғастырудың маңызы зор, — деген Сенат төрағасы аймақтың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын дамыту және өңірге инвестиция тарту мәселелеріне назар аударды.

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Сондай-ақ іс-шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Мемлекет басшысы жүктеген этносаралық қатынастарды нығайту жөніндегі міндеттер мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне дайындық аясында рухани дипломатияны ілгерілету тетіктері сөз болды. Өңірдің креативті жастарымен кездесуде білімді жас буынның елді жаңғырту үдерісіндегі рөліне баса мән берілді.

— Қазақстан әділеттілік үстемдік құратын заманауи әрі қуатты мемлекетке айналуы керек. Бұл мақсатқа жастардың қатысуынсыз қол жеткізу мүмкін емес. Себебі, даму үшін тың идеялар мен жаңа көзқарас керек. Сондықтан жас буынның бойына өзін өзі дамыту, үздіксіз білім алу, талдау жасау, эмоционалдық интеллекті шыңдау сияқты қабілеттерді дарыту қажет. Бұл ретте дұрыс құндылықтарға және Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жариялаған «Адал азамат» тұжырымына табан тіреу айрықша мәнге ие, — деді Мәулен Әшімбаев.

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Сонымен қатар сенаторлар бірқатар әлеуметтік нысандарға барды және кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесті.

Айта кетелік Ақтөбе облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасына жаңа басшы тағайындалған еді