Сенат төрағасы экологиялық жауапкершілігі төмен компанияларды сынға алды

АСТАНА. KAZINFORM – Жекелеген кәсіпорындардың әрекеттерінің нәтижесінде экологиялық жағымсыз салдарларды көріп отырмыз. Бұл туралы Қазақстанның орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі Парламенттік комиссия отырысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті.

Фото: ҚР Парламентінің Сенаты

«Елімізде жұмыс істейтін кейбір компаниялардың экологиялық жауапкершілігінің өте төмен дегейі қатты алаңдатып отыр. Жекелеген кәсіпорындардың әрекеттерінің нәтижесінде экологиялық жағымсыз салдарларды көріп отырмыз», - деді М. Әшімбаев.

Оның айтуынша, өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін азайтуға бағытталған салық және табиғатты қорғау заңнамасының нормалары қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатыр деген сұрақтар туындап отыр.

Сонымен қатар Сенат төрағасы әлеуметтік принциптерді сақтауда бизнесте әлі де декларативті әрекеттер бар екенін айтты.

«Бұл ретте, Қазақстанда жалақының жалпы ішкі өнімдегі үлесі небәрі 30 пайызға жуық. ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш 60% және одан да жоғары. Жалпы халықаралық тәжірибеде оның үлесі кем дегенде 50% болуы керек деп саналады. Елде еңбекақы төлеуде гендерлік алшақтық мәселесі де өзекті, яғни ерлер әйелдерге қарағанда орта есеппен 26,5 пайызға көп жоғары жалақы алады, ал кейбір аймақтарда бұл алшақтық екі есеге жетеді. Тұтастай алғанда, компания деңгейіндегі орнықты дамуды басқару мәселесінде әлі де жағдайды түзету керек. ESG принциптерін интеграциялау бойынша жетекші компаниялардың жартысында бұл салаға жауаптылар бекітілмеген», - деді М. Әшімбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қазір әлемде ESG қағидаларын енгізу тұрақты бизнес қалыптастыруға, оны бәсекеге қабілеттігін арттыруға және ұзақ мерзімді құндылықтарды дәріптеуге ықпал ететінін айтты.