Сенат төрағасы суды тиімді пайдалану саласындағы негізгі міндетті атады

АСТАНА. KAZINFORM – Судың қозғалыс жолының барлық кезеңінде цифрлық есепке алу мен бақылау жүйесін қалыптастыру. Бұл туралы агроөнеркәсіптік кешен мен су шаруашылығын цифрландыру мәселелеріне арналған Парламенттік тыңдауда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

- Жалпы, қазір еліміз жаппай цифрландыру кезеңіне қадам басқаны белгілі. Соның аясында агроөнеркәсіп кешені мен су шаруашылығы саласында да жаңа мақсаттар айқындалып отыр. Осылайша, біз жекелеген мемлекеттік қызметтерді цифрландырудан ресурстарды «smart» басқару жүйесіне кезең-кезеңімен көшуді қолға алып отырмыз. Мұндай тәсіл нақты әрі уақтылы шешімдер қабылдауға жол ашады. Қазірдің өзінде аталған бағытта белгілі бір құқықтық негіз қалыптасты деуге болады. Нақты айтқанда, маңызды заңдарды бәріміз бірге қабылдадық. Биыл қаңтар айында Цифрлық кодекс қабылданып, Президентіміз қол қойды. Оның алдында жаңа Су кодексі күшіне енді. Агроөнеркәсіп және су салаларында мемлекеттік цифрлық сервистер, ақпараттық жүйелер және платформалар кезең-кезеңімен дамып келеді. «Smart» басқару жүйесін дамытудағы ендігі негізгі міндеттердің бірі – аграрлық және су жүйесінің бірыңғай цифрлық контурын қалыптастыру. Бұл – үлкен деректерге, жасанды интеллектіге, жедел аналитикаға және ресурстарды дәл есепке алуға табан тіреген басқарудың жаңа моделіне көшу деген сөз. Мұндай қадам тек ағымдағы жағдайды тіркеп қана қоймайды. Сонымен бірге, құрғақшылық, су тапшылығы, ресурстарды тиімсіз пайдалану сияқты сын-қатерлерді алдын ала болжауға мүмкіндік береді, - деді М. Әшімбаев.

Оның айтуынша, жалпы, бұған дейін цифрлық шешімдер нақты міндеттер мен жекелеген ведомстволық функциялар аясында әзірленіп келді. Бұл – қалыптасу кезеңіндегі қажетті қадам болды. Ал, бүгінде деректер мен процестерді интеграциялау және сол арқылы басқарудың жаңа деңгейіне көтерілу стратегиялық міндетке айналып отыр. Осы бағытта жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін жан-жақты пайдалану аса маңызды.

- Келесі міндет – жаңа технологиялар, оның ішінде цифрлық шешімдер арқылы ауыл шаруашылығында судың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету. Су ресурстарының азаюы әлемдік деңгейде де, біздің Орта Азия өңірінде де ең маңызды, өзекті, стратегиялық мәселеге айналып отырғанын білесіздер. Сол себепті, су ресурстарын цифрландыру, ең алдымен, суды тиімді пайдалануды арттырады. Бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар аз емес, нәтижелер де бар. Былтыр су үнемдеу технологияларын енгізу нәтижесінде 874 млн текше метр су үнемделді деген ақпаратты Министрлік беріп жатыр. Бұл – жақсы көрсеткіш. Дегенмен, жалпы алғанда, мәселе әлі де өзекті күйінде қалып отыр десек, артық болмайды. Ауыл шаруашылығы жалпы су көлемінің шамамен 60 пайызын тұтынады. Ал, тасымалдау кезіндегі шығындар

40 пайызға дейін жетіп отыр. Мұндай жағдай су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу қажет екенін көрсетеді. Сонымен қатар, судың қозғалыс жолының барлық кезеңінде цифрлық есепке алу мен бақылау жүйесін қалыптастыру аса маңызды, - деді Сенат төрағасы.

Оның сөзіне қарағанда, автоматтандыру, онлайн-мониторинг және суды пайдаланудың нақты деректерін беретін жүйе болуға тиіс. Сонда ғана судың шығынын және қабылданған шешімдердің қаншалықты тиімді екенін дәл бағалауға болады. Сол арқылы ауыл шаруашылығының өнімділігін де арттыруға жол ашылады.

Айта кетейік, су үнемдеу технологиялары арқылы былтыр 874 млн текше метр су үнемделгенін жазған едік