«GreenTAL» әлеуметтік жобасының негізгі мақсаты – әлеуметтік осал топтағы азаматтарды (мүгедектігі бар адамдар, балалар үйінің түлектері, жалғыз басты аналар) оқыту және жұмысқа орналастыру. Шеберханада ағаш және тігін цехтары, полиграфия және безендіру студиясы жұмыс істейді.
Кәсіпорын жұмысшыларын мерекемен құттықтаған Сенат спикері соңғы жылдарда мемлекет тарапынан мүгедектігі бар адамдарды және басқа да әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдау бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын айтты.
«Мемлекет басшысы мүгедектігі бар адамдарға жүйелі түрде қолдау көрсету ісіне үнемі баса мән беріп келеді. Бұл сала – Сенат жұмысының да басым бағыттарының бірі. Президентіміздің тапсырмасы бойынша сенаторлар әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң әзірлеп, қабылдады. Онда осы саланы қолдаудың нақты шаралары мен түрлі жеңілдіктер көрсетілген. Қазір бұл заңның іс жүзіндегі тиімділігін арттыру маңызды. Қажет болған жағдайда сенаторлар әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдаудың жаңа шараларын ұсыну және әрі қарай іске асыру үшін әлеуметтік кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс істеуге дайын», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының жаңа Жолдауында айтылған саяси реформаларға тоқталып өтті. Ол жаңа бастамаларды іске асыру мүгедектігі бар адамдардың да саяси және азаматтық белсенділігін арттыруға тың серпін беретініне сенім білдірді.
Сонымен қатар бүгін Палата спикері елорда әкімі Алтай Көлгіновпен бірге «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барды. Бұл жерде егде жастағы және мүгедектігі бар адамдарға сапалы күтім жасау бойынша толық кешенді қызмет көрсетіледі.
Наурыз мейрамына орай Орталық тұрғындарына арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды. Іс-шараны ашқан М. Әшімбаев сол жердегі соғыс және еңбек ардагерлеріне еліміздің мемлекеттілігін қалыптастыруға қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.
«Аға буынның ерік-жігері мен қажырлы еңбегінің арқасында біз Тәуелсіздігімізді нығайтып, егемен ел құра білдік. Біздің ардагерлеріміз ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қазақстандықтардың жаңа буынын тәрбиелеуге үлген үлес қосып келеді. Сол үшін сіздерге алғысымызды білдіреміз. Қарияларымызға қамқорлық танытып, барлық жағдайды жасау – біздің перзенттік және азаматтық боршымыз. Мемлекет бұл бағыт бойынша әрі қарай белсенді жұмыс істеп, әлеуметтік қолдау шараларын арттыра береді», – деді Сенат Төрағасы.