Сенат Төрағасы Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруға байланысты міндеттерге Бюро мүшелері мен Палата Аппараты қызметкерлерінің назарын аударды. «Жолдауда алға қойылған күрделі және маңызды міндеттерді қысқа мерзім ішінде, ал кейбір мәселелерді шұғыл түрде орындау қажет болады. Сондықтан, біздің алдағы басты мақсатымыз - Елбасының стратегиялық маңызы бар «Нұрлы жол» құжатындағы тапсырмаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету», - деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Бюрода Парламент Мәжілісінде мақұлданған заң жобалары Сенаттың тұрақты комитеттері мен Аппаратына берілді.
Қазақстан азаматтарының Беларусь аумағында және Беларусь азаматтарының Қазақстан аумағында болу тәртібі туралы Қазақстан мен Беларусь арасындағы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы одан әрі пысықтау үшін Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне берілді.
«Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жөніндегі жобаның екінші фазасы) ратификациялау туралы» бойынша Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті бас комитет болып белгіленді.
Бюрода 2014 жылғы 20 қарашада болатын Сенаттың кезекті отырысының күн тәртібі талқыланды. Отырыста: «Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы»; «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісімді ратификациялау туралы»; «Дамуға ресми көмек туралы»; «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дамуға ресми көмек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (бірінші оқылым) заң жобаларын қарау көзделіп отыр. Сондай-ақ халықаралық парламенттік ұйымдар мен Сенаттың шет мемлекеттер парламенттерімен ынтымақтастық топтарына Палата депутаттарын жіберу туралы мәселе де талқыланатын болады.