Сенат төрағасы БҰҰ Бас хатшысының арнаулы өкіліне осы жылдың сәуір айында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі Аррия формуласы бойынша кездесу өткізу кезінде қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Аталған кездесу аясында Съездің мақсаттары мен тұжырымдамасы таныстырылған болатын.
Қ.Тоқаев қазіргі ұйым негізінде Президент Н.Назарбаевтың Діндер мен өркениеттер арасындағы диалог орталығы құрылатыны туралы хабардар етті. Жоспарланып отырғандай, Орталық Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің мақсаттары мен міндеттерін халықаралық аренада ілгерілету және форумды институттандыру ісінде маңызды құрал болмақ.
Н.Аль-Насер бұл бастаманы қолдайтынын, сондай-ақ «Диалогтан айнымау: алдын-алу шаралары және бейбітшілікті қолдау жолындағы әріптестік» тақырыбы бойынша қараша айында Нью-Йоркте өтетін Өркениеттер альянсының Жаһандық форумына дайындық барысы туралы айтты.
Ал Киелі Тақтың дінаралық диалог жөніндегі Папа кеңесіндегі исламмен байланыс бөлімінің меңгерушісі монсеньор Халед Акашемен әңгіме барысында Қ.Тоқаев Рим-католик шіркеуінің бейбітшілік пен ынтымақты қолдау және өркениеттер мен діндер арасындағы диалогты дамыту қызметін жоғары бағалады. Сондай-ақ Астанада өтіп жатқан форумға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Қ.Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан мен Ватикан арасындағы қарым-қатынас өзара түсіністік пен сенімге негізделген сындарлы іс-қимылдың үлгісі болып табылады. Сонымен бірге ол қазақстандық католиктердің еліміздегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.
Х.Акаше алдағы уақытта құрылатын Президент Н.Назарбаевтың Діндер мен өркениеттер арасындағы диалог орталығының қызметіне ықылас білдіріп, Ватиканның Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің ізгі бастамаларын толығымен қолдайтынын жеткізді.