Сенат Төрағасы ЕҚЫҰ Бас хатшысын қабылдады

sp;АСТАНА. Қарашаның 12-сі. ҚазАқпарат. Бүгін Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбоны қабылдады,

 деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Қазақстанның халықаралық ұйымға алдағы төрағалық етудегі күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасылды.

Төраға Ұйымның Бас хатшысын 2010 жылдың мамыр айында Алматы қаласында өтетін «ЕҚЫҰ еуразиялық өлшемі» парламенттік конференциясын өткізуге қатысты дайындық шараларының барысымен хабардар етті.

Осы ретте, Қ.Тоқаев Марк Перрен де Бришамбоны форум жұмысына баяндамашы ретінде қатысуға шақырды.

Төраға Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалық етуіне қатысты тоқтала келіп, бұл бағытта барлық мемлекеттік органдардың, оның ішінде Парламенттің қатысуымен үлкен дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқандығын атап өтті.

«Ұйымға төрағалық ету үлкен жауапкершілік жүктейді, біз қатерлерді қайталап бағалай алмаймыз. Біз ЕҚЫҰ үлкен отбасында консенсусқа жететінімізге сенімдіміз»,- деді Қ.Тоқаев.

Төраға алдағы миссияның ойдағыдай жүзеге асырылуын ЕҚЫҰ құндылықтарын оның жауапкершілігі тарайтын барлық кеңістікте ілгерілетуге елеулі үлес қосып жүрген Ұйымның Парламенттік Ассамблеясының белсенді қызметімен байланыстырады. 

Марк Перрен де Бришамбо Қазақстанның төрағалық ету кезінде «Корфу процесін» тиімді дамыту жолындағы маңызды ролін атап өтті.

ЕҚЫҰ Бас хатшысының пікірінше, Қазақстанның «тиімді диалог құрып, қауіпсіздік, экономика, қоршаған ортаны қорғау салаларындағы мәселелерді алға жылжыту ісінде айтулы жетістіктерге жетуге» толық мүмкіндігі бар.