Сенат Төрағасы ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясының шараларына қатысады

АСТАНА. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми биылғы 22-23 желтоқсанда ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясының Санкт-Петербургтегі (Ресей Федерациясы) шараларына қатысады.

Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.

Шара барысында ұйым Бюросының және ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясының отырыстары болады. Отырыстың күн тәртібіне ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясының төрағасын сайлау және Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы Сотының мүшелерін тағайындау енгізілген болатын. Бұдан бөлек, ЕурАзЭҚ ПАА Тұрақты комиссияларының бірлескен отырыстарында кедендік реттеу, шекаралық, сауда, агроөнеркәсіп саясаты, табиғатты пайдалану және экология салалары бойынша парламентаралық өзара іс-қимыл мәселелерін талқылау жоспарланып отыр.

Санкт-Петербургке сапары барысында Парламент Сенатының Төрағасы Қ.Мәми ТМД ПАА Кеңесінің Бас хатшысы М.Кротовпен кездесетіні жоспарланған.