Сенат Төрағасы Халықаралық көші-қон ұйымы Бас директорының орынбасары Лаура Томпсон бастаған ХКҰ делегациясын қабылдады

АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат (Қанат Мәметқазыұлы) - Бүгін Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық көші-қон ұйымы Бас директорының орынбасары Лаура Томпсон бастаған ХКҰ делегациясын қабылдады.

Кездесу барысында Қ.Тоқаев көші-қонды тәртіпке келтіруді қамтамасыз ету саласындағы ХКҰ-ның маңызды рөлін атап өте келіп, Қазақстан мен ХКҰ-ның ынтымақтастығын нығайту жайында айтты.

Қазақстан ХКҰ-ның халықаралық конвенцияларына қатысушы болып табылады және көші-қонды өркениетті тұрғыда ұйымдастыруды - заңсыз көші-қон себептерін жоюды және көшіп-қонушыларды әлеуметтік қорғау үшін жағдай жасауды жақтайды.

Төраға Қазақстандағы көші-қон заңнамасы туралы жүздесушіні хабардар етті және Парламентте қаралып жатқан «Халықтың көші-қоны туралы» жаңа заң жобасы туралы айтты.

Л.Томпсон өзінің Қазақстанға жасаған алғашқы сапары табысты болғанын айта келіп, біздің еліміз Ұйымның негізгі әріптесі екенін атап өтті. ХКҰ Бас директоры орынбасарының пікірінше, көші-қон ағымдары, шекараларды басқару мәселелері жөніндегі бірлескен жұмыстар халықаралық көші-қон саласындағы проблемаларды шешуге ықпал етеді.