Сенат Төрағасы Қ. Мәми 2012 жылғы Парламент сайлауы әділ өтетіндігіне сенімді

АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми 2012 жылғы Парламент сайлауы әділ өтетіндігіне сенімді.

«Электоралды кезең өте әділ, тең жағдайда өтіп жатыр», - деді бүгін таңертең №3 сайлау учаскесінде Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар мен мәслихат депутаттары сайлауына дауыс берген Сенат Төрағасы.

 «Бүгінгі сайлаудың ерекшелігі, Қазақстанда бірінші рет кепілденген түрде көппартиялы Парламент пайда болайын деп отыр. Ол біздің еліміздің даму жолында демократияны таңдап алғандығының тағы бір белгісі», - деп атап өтті ол.

 Оның айтуынша, көппартиялы Мәжіліс заң шығарушы орган - Парламенттің басқа билік тармақтары ішіндегі беделін, орнын одан әрі көтере түспек.

 «Мен сайлау барысымен күн сайын танысып отырдым. Көптеген сайлау байқаушыларымен кездестім. Электоралды кезең өте әділ, тең өтіп жатыр. Бүгінгі сайлауда да сол әділдік, теңдік сақталады деп ойлаймын», - деп түйіндеді сөзін Қ. Мәми.