Сенат Төрағасы Қ. Тоқаев түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы Хатшылығының Бас Хатшысы Р. Гасановпен кездесті

None
АСТАНА. Қазанның 30-ы. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы Хатшылығының Бас Хатшысы Рамиль Гасановпен кездесті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Сенатының басшысы ТүркПА Бас Хатшысы болып тағайындалуына байланысты Р.Гасановты құттықтады және Ассамблея Хатшылығының қызметі парламентаралық ынтымақтастық пен бауырлас халықтардың жақындасуын ілгерілетуге қомақты үлес болатынына сенім білдірді.

Тараптар  түркітілдес елдердің ықпалдасуындағы өскелең үдерістерін қанағаттанғандықпен атап өтті. Осыған байланысты Қ.Тоқаев Нахичеван қаласындағы түркітілдес мемлекеттер басшыларының ІХ саммитінде белгіленген жаңа бастамалар мен түркі әлемінің геосаяси мақсаттарын атап өтті. Олардың ішінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ТҮРКСОЙ аясында Астанада Түркі тілдерінің академиясын ашу туралы ұсынысының ерекше маңызы айтылды.

«Түркі халықтарының тілі мен мәдениетін зерделеу және зерттеумен айналысатын киелі Түркістан жеріндегі Академия түркі тілдес әлемнің елдері арасындағы рухани дамуға және достықты нығайтуға жан-жақты ықпал етеді»,  деді төраға.

Рамиль Гасанов өз кезегінде ТүркПА-ның Астанада өткізілуі жоспарланып отырған кезекті жалпы отырысын әзірлеу жөніндегі Хатшылықтың қызметі, сондай-ақ түркітілдес парламентшілердің, оның ішінде еуропалық мемлекеттердегі парламенттер депутаттары да қатысатын бірінші Съезді шақыру жоспары туралы Қазақстан Сенатының басшысын хабардар етті.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ТүркПА Хатшылығының барлық істері Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісі тарапынан жан-жақты қолдау табатынын атап өтті.