Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентінің ислам әлемімен үнқатысуды орнықтыру жөніндегі арнайы өкілі Фейсал Абдул Рауфты қабылдады

АСТАНА. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада кеше жұмысын бастаған Дүниежүзілік рухани форумға қатысқан АҚШ Президентінің ислам әлемімен үнқатысуды орнықтыру жөніндегі арнайы өкілі, үкіметтік емес «Cordoba Initiative» діни ұйымының имамы Фейсал Абдул Рауфты қабылдады.

Ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету саясатына Қазақстанның айнымастығын атап өте келіп Қ.Тоқаев Өркениеттер үнқатысуын нығайту жөніндегі біздің еліміздің күш-жігері туралы хабардар етті. Атап айтқанда ол Қазақстанның бастамасы бойынша өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі және оның Хатшылығының қызметі туралы әңгімеледі.

ЕҚЫҰ-ның алдағы Астанада өтетін саммитінің басты тақырыптарының бірі еуроатлатикалық және еуразиялық кеңістіктегі толеранттықты нығайту және мәдениетаралық үнқатысу болып табылады. Шығыс пен Батыс арасындағы өркениетаралық үнқатысуды ілгерілету 2011 жылғы Ислам конференциясы ұйымының төрағасы ретіндегі қызметінің басты бағыты болып белгіленді.

Бұл тұрғыда мұсылман әлемімен қатынастарын қалпына келтіру жөніндегі Президент Б.Обаманың саясаты біздің мемлекетіміздің дінаралық үнқатысуды нығайту жөніндегі күш-жігерімен сәйкес келеді.

Қ.Тоқаев АҚШ Президенті Б.Обаманың мұсылман әлемімен үнқатысуды орнықтыру жөніндегі арнайы өкілі Ф.А.Рауфтың қызметіне қолдау білдірді. Үкіметтік емес «Cordoba Initiative» діни ұйымының төрағасы, имам Ф.А.Рауф Манхэттенге (Нью-Йорк) «Cordoba Initiative» ислам мәдениет орталығының құрылысына бастамашы ретінде белгілі.

Бұл бастамаға қарсылық білдіру жайына қатысты айтар болсақ, Қ.Тоқаевтың пікірінше, мұнда кейбір күштердің америка қоғамындағы түрлі көңіл күйге ықпал етуге тырысуынан туындайтын артық саясаттандырудан аулақ болған жөн.

Ислам мәдениет орталығы төңірегіндегі пікірсайыс бойынша өз Әкімшілігінде ойларын ортаға салған Президент Б.Обама Америка мұсылмандары АҚШ-тың басқа да азаматтары секілді өздерінің мәдениет орталығын салуға құқығы бар екенін, діни сенім бостандығы құқығын жүзеге асыруын жақтайтынын айтты.

Сенат төрағасы арнайы өкіл Ф.А.Рауфты 2012 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV Съезінің жұмысына қатысуға шақырды.

Ф.Рауф Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан қол жеткізген табыстарды және мұсылман әлемі мен Батыс арасындағы үнқатысуды нығайтудағы қазақстандық басшының үлесін жоғары бағалады.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезіне шақыруды ризашылықпен қабылдаған арнайы өкіл: «Көптеген ұлттар мен конфессиялар бейбіт және келісіммен өмір сүріп жатқан Сіздердің елдеріңіз әлемге конфессияаралық және мәдениетаралық тату өмір сүрудің табысты тәжірибесін көрсетіп отыр»,-деді.